Мұндай пікірді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтайдың алғашқы сессиясында сөйлеген сөзінде айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жалпы, бұл сайлаудың мәні де, мазмұны да өзгеше болды. Себебі өткен сайлау ең алдымен Қазақстандағы саяси алуандықтың жаңа сапалы деңгейге көтерілгенін байқатты. Партиялар өзінің әлеуетін толық көрсетті. Өз бағдарламасын жұртшылыққа жан-жақты түсіндіріп, жеткізе білді. Науқанға қатысқан барлық партияның ұсыныстары жұртшылықтың назарын аударды, қоғамдық өмірге үлкен серпін берді. Көптеген байқаушы партиялардың арасында ашық бәсеке болғанын айтты, - деді Президент.
Мемлекет басшысы атағандай, әр партияның өз бағдары, ұстанымы және идеологиясы бар. Науқан барысында олардың қоғамдағы рөлі, саяси жүйедегі орны айқындала түсті. Сөзінше, мұны Құрылтай сайлауының негізгі жетістігі деп бағалауға болады. Осындай оң өзгерістердің арқасында Қазақстандағы саяси-қоғамдық мәдениет үнемі дамып, жетіліп отырады.
Болашақта партиялардың билік жүйесіндегі ықпалы да күшейе түседі. Әр науқан сайын олардың рөлі арта бермек. Сондықтан партиялар алған бағыттарынан таймай, сайлаушылармен жұмысты жалғастыра беруі керек. Сонда ғана саяси ұйымдардың беделі күшейе түседі, - деп айтты Тоқаев жиында.
Мемлекет басшысы партиялар ұсынған бағдарламалардың мазмұнына ерекше тоқталып өтті. Тоқаевтың айтуынша, бұл құжаттарда тың идеялар, тиімді ұсыныстар бар. Оның бәрі де алдағы жұмыс барысында мұқият сараланады.
Еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретін ең ұтымды шешімдер Үкіметтің жұмысында ескерілуге тиіс. Сайлауда «Әділет» партиясы басым дауыспен жеңіске жетіп, Құрылтайда конституциялық көпшілікті құрап отыр. Сондықтан «Әділет» партиясына қойылатын талап та, артылатын үміт те, сенім де аса жоғары. Осы орайда, қоғамды ортақ мүддеге ұйыстырып, реформалардың қозғаушы күші болу өте маңызды. Бұл міндет ойдағыдай орындалады деп сенемін, - деп атап өтті ол.
Еске салсақ, Қазақстан Республикасы Құрылтайының бірінші сессиясы барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтай ұғымының маңызына тоқталды.