Бүгін Маңғыстау облысы, Жетібай ауылының 200-ден астам жұмыссыз тұрғыны мұнай-газ саласына жұмысқа орналасуды талап етті, деп хабарлайды осы өңірдегі BAQ.KZ тілшісі.
Алдымен ауыл әкімдігінің алдына жиналды. Жергілікті атқарушы органдар тарапы мұнай-газ саласына жұмысқа орналастыру мұнай компанияларындағы бос жұмыс орындарына сәйкес жүргізіліп жатқанын түсіндірді. Мұндай жауапқа қанағаттанбаған олар наразылық акциясын жалғастырып, Жетібай №6 мұнай кәсіпшілігіне апаратын жолды жауып тастады. Көліктердің жүруін шектеді.
«Бұл ауданда қазақтың алғашқы мұнайы атқылады. 60-шы жылдардан бері мұнайгаз кәсіпорындарында жұмыс тоқтаған жоқ. Біз осының іргесінде отырып жұмыссызбыз. Балдарымызға жұмыс берілсін. Экологиядан зардап шегіп, өндірістің уын жұтып отырмыз. Жергілікті халыққа өндірістен жұмыс берілсін! Басқа жерге жібереміз деп емес, әділдікпен шешсін. Біздің талап осы»,– дейді наразы топ.
Оқиға орнына Қарақия ауданының әкімі Қыдырберді Беков пен Маңғыстау облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсет Шопанов барды. Ереуілшілермен түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.
Аудан әкімі Қыдырберді Бековтың айтуынша, жиналған тұрғындардың талаптары негізсіз. Себебі, ауданның барлық тұрғынын бір мезгілде мұнай-газ саласына жұмысқа орналастыру мүмкін емес. Сонымен қатар Жұмыспен қамту орталығы ұсынып отырған барлық мүмкіндікті пайдалану қажет.
2022 жылдың қорытындысы бойынша Қарақия ауданының жұмыспен қамту орталығына жұмыссыздар қатарынан 3 349 адам жүгінген. Оның ішінде 2 мыңдайы жұмысқа орналастырылды. Жұмыс орындарын құрудың облыстық картасына сәйкес, Қарақия ауданында әлі 3 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтылуы тиіс. Биыл жыл басынан бері жұмыспен қамту орталығына 887 адам өтініш берген.