Маңғыстаулық жүк тасымалдаушылар мәселесі өзекті

3 Мамыр 2023, 18:18
788
Бөлісу:
Маңғыстаулық жүк тасымалдаушылар мәселесі өзекті
Фото: автордан

Маңғыстау облысы кәсіпкерлер палатасы жанындағы көлік және логистика салалық кеңесіне бірнеше күннен бері ереуілде тұрған 30-дан астам жүк тасымалдаушы жүгінді, деп жазады BAQ. KZ тілшісі.

Наразылық білдірген жүк тасымалдаушылар 11 мәселені алға тартты. Оның ішінде: Көлік және коммуникация министрінің және Инвестициялар және даму министрінің міндетін атқарушының кейбір бұйрықтарына өзгерістер енгізу, сұйық отын бағасын 5%-дан асырмау, қазақстандық жүк тасымалдаушылардың мүдделерін білдіретін пункттерді жүк тасымалдау жөніндегі халықаралық келісімге енгізу, «Темір-Баба» пунктіндегі жүк тасымалдау мәселелері бойынша 2024 жылдың 1 қаңтарына дейін шешілген қазақстандық көліктердің бейтарап аймақтан қайта тіркеу арқылы шетел тіркемелерімен Қазақстанға, Еуразия экономикалық қоғамдастығы елдеріне жүк тасымалдау мәселесін толықтай шешу. Атап айтқанда, Қазақстандық автокөліктерден қайта тіркелген шетелдік тіркемемен қазақ территориясынан жүріп өту үшін төлемді алып тастау бар.

Бұдан басқа «Жаңаөзен - Темір баба» жолын асфальттау, «Жаңаөзен-Орал» трассасын шетелдік жүк автомобильдерінің жүргізушілеріне ақылы, ал жергілікті жүргізушілер үшін тегін ету, Түрікменстан жүргізушілерінің Қазақстанға кіру визаларына қатаң тексеру жүргізу, жүк тасымалдаумен айналысатын мемлекеттік басқару ұйымдарының басшыларын ауыстыру, жүк тасымалдау саласын дамыту, жүргізушілер арасындағы байланысты күшейту мақсатында «Атамекен» кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп жүк тасымалдау бойынша семинарлар, халықаралық автомобиль тасымалдаушылар одағының мамандары үшін қазақ тілінде оқыту курстарын ұйымдастыру, Қытаймен шекарада визасыз режимді тоқтату және тиісті министрліктермен бірлесіп Қазақстан-Қытай шекарасында электронды авто есепке алу мәселесін шешу. Бұл туралы Президент пен облыс әкімінің атына өтініш жолдап, жанар жағар-май бағасын бұрынғыша 230 теңгеге дейін төмендетуді талап еттік, – дейді жүк тасымалдаушылардың өкілі Марат Найзабеков.

Тағы бір айта кететін жайт, көлік құралдарын басқаруға арналған «жүргізуші картасы», яғни сандық тахографпен көлік жүргізетін әрбір жүргізушіде болуы тиіс арнайы смарт-карта мәселесі. Бұл картаны «KazTACHOnet» ЖШС-і береді, бағасы 40 000 тг. Аталған мекеме монополист болғандықтан өзіндік құны қымбат. Оның да құнын реттеу ұсынылды.

Шараға Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Ұлықбек Тналиев шақырылды. Онлайн байланыс арқылы Энергетика министрлігі, Инвестициялар және даму министрлігі мен Сыртқы істер министрлігінің өкілдері де қосылды.

Көтеріп отырған талаптарыңызды орындау міндетті түрде заң аясында өту керек екендігін айтып өткім келеді. Сондай ақ, бұл ереуіл жергілікті атқарушы органдармен және алдағы уақытта осындай проблемалық мәселелер тек конструктивті жиындарда шешілетіндігін ескерткім келеді. Себебі алдағы уақытта бұл жағдай қайталанып, зардап шектіретін жағдай тудырғанда қылмыстық іс қозғалу мүмкіндігін ескертемін, – деп атап өтті облыс прокурорының орынбасары Дәурен Медетбеков.

Маңғыстаулық жүк тасымалдаушылар мәселесі өзекті

Қазіргі таңда шағын және орта бизнес кәсіпкерлеріне көптеген қолдаулар көрсетіліп жатыр. Соның ішінде «Көлік және логистикалық жүйені дамыту бойынша тұжырымдамасын» айтып өткен жөн. Бүгінгі мәселелеріңізді естідік, тиісті басқармаларға тапсырмалар берілетін болады. Шешу мүмкіндіктерін анықтап, сіздермен тағы да қарастыратын боламыз. Сондай-ақ, барлық мәселе жұмыс барысында қарастырылатын болады. Осы орайда ереуілді тоқтатып, тарауларыңызды сұраймын, – деді облыс әкімінің орынбасары Ұлықбек Тналиев.

Басқосу соңында Маңғыстау облысының әкімдігіне ұсыныс жіберілетін болып шешілді. Олар жанар жағар-май бағасын төмендету бойынша жүк тасымалдаушы кәсіпкерлердің мәселесін Энергетика министрлігіне жеткізу бойынша тиісті хат жолдауға, ҚХР мен ҚР мемлекеттері арасындағы визасыз режим бойынша Сыртқы істер министрлігіне ұсыныс жолдауға, Түрікменстан жүргізушілерінің Қазақстанға кіру визаларына қатаң тексеру жүргізу бойынша Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментіне және  ҰҚК Шекара қызметінің Маңғыстау облысы бойынша департаментіне, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 2022 жылғы 13 желтоқсандағы № 715 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы Маңғыстау облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына, «KazTACHOnet» ЖШС-нің беретін смарт-картасының бағасын төмендету бойынша тиісті хат жолдауға ықпал ететін болды.

Бұл мәселелер бәрімізге ортақ екендігін айтып өткім келеді. Прокурордың сөзін ескере отырып, ереуілді жалғастырмауыңызды сұраймын. Осыған орай, алдағы уақытта барлық аталған мәселелердің оңтайлы шешімін табуға жергілікті атқарушы органдармен бірігіп, жұмыстанатын боламыз, – дейді ӨКП директоры Рашит Мұстапаев.

Наразы топтың ұсынысы туралы «Атамекен» ҰКП-на да қызметтік хат жолданбақ. Олар Үкіметпен бірлесіп мәселенің оңтайлы шешілуіне ықпал етуі қажет. Тараптар алдағы уақытта тағы да жиналатын болып уағдаласты.

Өзгелердің жаңалығы