Маңғыстаулық полицейлер заңсыз сақталған 40 қаруды тәркіледі

17 Маусым 2021, 16:14
2241
Бөлісу:
Маңғыстаулық полицейлер заңсыз сақталған 40 қаруды тәркіледі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Маңғыстау облысы аумағында 17 мамыр мен 17 маусым күндері аралығында «Қару-2021» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді, деп хабарлады Polisia.kz. 

Іс-шараның негізгі мақсаты – тиісті қоғамдық тәртіпті сақтай отырып, атыс қаруын қолданып жасалатын қылмыстардың алдын алу және жолын кесу. Облыс бойынша шараға барлығы 600 қызметкер жұмылдырылып, 41 бірлескен топ құрылып кешенді жүйелі жұмыстар жүргізілді. 

Бір айға созылған жедел алдын алу іс-шарасы аясында маңғыстаулық полицейлермен қару мен оның оқ-дәрілерін заңсыз сақтаудың 28 дерегі анықталды. Барлығы 40 қару, 116 оқ-дәрілер және сегіз электрлік қару тәркіленді. Сонымен қатар, ҚР ӘҚБтК 484, 486-баптары бойынша 187 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Өңірімізде барлығы 1 289 мал шаруашылығы бар болса, іс-шара барысында солардың барлығы тексерілді. Мал шаруашылықтарын тексеру барысында тіркелмеген атыс қаруын сақтаудың бес дерегі анықталды, – деп атап өтті облыстың полиция басшысы Ж.Бақтыбаев. 
Іс-шара барысында 4 маусым күні сағат 17:30 шамасында департаменттің Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде Ақтау қаласының сыртында жұмыс орындарынан 33 және 43 жастағы жергілікті тұрғындарды ұстады. Тінту барысында револьверге және пневматикалық қаруға ұқсас қарулар және қанжар табылып, тәркіленді. 

Аталған дерек бойынша ҚР ҚК 287-бабы 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Сот-баллистикалық сараптама тағайындалды.



Өзгелердің жаңалығы