Өңірде туризм саласында биыл 325 мың қызмет көрсетілген. Оның ішінде, 290,9 мың адам ішкі туристер болса, 35 мыңға жуығы шетелдік туристер. Бұл туралы Маңғыстаудағы іс сапарында туристік бизнес өкілдері, спорт мектептерінің басшылары, чемпиондармен кездесуінде ҚР Туризм және спорт вице-министрі Мирас Төлебаев мәлімдеді.
Биылғы 9 айдың қорытындысы бойынша Маңғыстау облысында негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 4,5 млрд теңгені құрады. Жылдың аяғына дейін бұл ресми көрсеткіштер өседі деген ойдамын. Өйткені, қазіргі таңда Маңғыстау өңірінде туристік қана емес, спорттық нысандар да іске қосылып жатыр. Сондай-ақ, 2023 жылдың 17-28 шілдесі аралығында Маңғыстау облысының гидтері мен экскурсия жүргізушілерін сертификаттау мақсатында, 10 жұмыс күндік семинар-тренинг ұйымдастырылып, туризм саласындағы ғылыми санаты бар жоғарғы деңгейлі, халықаралық дәрежедегі маман-сарапшылар тартылып, 50 гид және экскурсия жүргізуші оқытылды, сабақтарға үзбей қатысқан 45 тыңдаушыға гидтер мен экскурсия жүргізуші сертификаттары берілді. Сонымен қатар, өңірде туризм саласы бойынша 2027 жылға дейінгі кезеңде 700-ден астам жұмыс орындарын құра отырып, жалпы сомасы 100 млрд теңгеге 13 жобаны іске асыру жоспарланып отыр, - дейді Мирас Төлебаев.
Облыста су спорт түрлерін дамыту, спорт мектеп-интернатын салу және спортшыларды оңалту орталығын салу, қаражатты тиімді бөлу, алдағы олимпиада ойындарына дайындық пен спорт саласындағы бірқатар мәселелер талқыланды. Жазғы олимпиада ойындарына 200 күн қалса да өңірде бірде-бір лицензия жоқ екендігі айтылды. Вице-министр облыстағы олимпиадаға даярлау орталығындағы оқушылардың саны аз екенін және оны көбейту керектігін де тілге тиек етті.
Алдағы уақытта өңірлік спортқа үлкен реформа жасағымыз келеді. Осы бағытта жұмыстар жүріп жатыр. Келесі жылдың басында басқармаға қарасты мемлекеттік мекемелердің басшыларын, яғни директорлар мен оқу тәрбие жөніндегі орынбасарларын біліктілік деңгейін тексеру бойынша аттестациядан өткізуді бастаймыз. Егер біліктілік деңгейлері қажетті дәрежеде болмаса, онда тиісті шаралар қабылданады. Бұның барлығы облыстағы спорт саласының дамуына жаңа серпін береді деген ойдамын. Себебі, аттестациядан өткізу өңірімізде 2016 жылдан бері іске асырылмаған, - деді Маңғыстау облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Мақсат Мұқаш.
Фариза Өтесбай