Маңғыстауға 30 жылда 7 трлн теңгеден астам инвестиция тартылды

25 Қараша 2021, 15:09
847
Бөлісу:
Маңғыстауға 30 жылда 7 трлн теңгеден астам инвестиция тартылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Маңғыстау облысы ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына толағай табыстармен жетіп отыр. Осы жылдар ішінде жалпы өңірлік өнім 2,2 млрд теңгеден 3,1 трлн теңгеге дейін өскен.

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте өңір басшысы Нұрлан Ноғаев айтты.

Тәуелсіздік жылдарында халық саны 2,2 есе өсіп, 340 мың адамнан 735 мың адамға дейін жетті. Халық санының өсуіне қарқынды табиғи өсумен қатар, отандастардың тарихи отанына оралуы әсер етті. Халық санының өсуіне байланысты жаңа елді мекендер мен Мұнайлы ауданы құрылды. Бұл Тәуелсіздік алғаннан кейін ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасының Жарлығымен құрылған алғашқы аудан, -деді ол. 

Нұрлан Ноғаевтың айтуынша, осы жылдары 450 млн тонна мұнай өндірілді. Мәселен, 1991жылы 14,2 млн тонна қара алтын өндірілсе, 2021 жылдың соңына дейін бұл көрсеткіш 16,8 млн тоннаға жетеді деп күтілуде.

30 жылда өңірге 7 триллион теңгеден астам инвестиция тартылды. Егер 1991жылы өңір экономикасына 1,3 млн теңге инвестиция құйылса, биылғы 10 айдағы көрсеткіш 474 млрд теңге.

Еліміздің тораптық көлік-логистика орталығы Маңғыстауда орналасқан. Ақтау және Құрық порттары – Еуропа мен Орталық Азия елдері арасындағы байланыстыратын Қазақстанның теңіз қақпасы, -деді облыс әкімі. 

Оның сөзінше, 30 жылда өңірде 2957 шақырым автожол салынды. Үш мемлекетті жалғайтын «Өзен-Этрек-Горган» халықаралық темір жолының бір бөлігі «Өзен-Түркіменстан шекарасы» шойын жолы іске қосылды. «Бейнеу-Жезғазған» теміржолы пайдалануға берілген.

Тәуелсіздік алған жылдары шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 4 есе артып, 55 мыңға жетті. Сонымен қатар, 350 білім беру нысаны, 63 денсаулық сақтау нысаны, 693 спорт кешені мен алаңдар, 35 мәдениет ошағы ел игілігіне берілді. 12,3 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, сумен қамту көрсеткіші 31%-дан 98%-ға дейін, ал табиғи газбен жабдықтау 16%-дан 99,8%-ға дейін жеткізілді, - деп атап өтті Нұрлан Ноғаев.
Өзгелердің жаңалығы