Маңғыстаудың өңірлік өнімі 4,9 трлн теңгеге дейін ұлғаяды

3 Мамыр 2023, 14:40
1580
Бөлісу:
Маңғыстаудың өңірлік өнімі 4,9 трлн теңгеге дейін ұлғаяды
Фото: Маңғыстау облысының әкімдігі

Нұрлан Ноғаев Маңғыстау облысын дамытудың кешенді жоспары тұрақты бақылауда екенін мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Маңғыстауды дамытудың кешенді жоспары аясында 2025 жылға қарай облыстың жалпы өңірлік өнімі 4,9 трлн теңгеге дейін ұлғаяды. 

2 мамырда өңір басшысы Нұрлан Ноғаевтың төрағалығымен өткен аппарат отырысында Маңғыстау облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары талқыланды. Жоспар аясында облыстың жалпы өңірлік өнім көлемін 3,6 трлн теңгеден 4,9 трлн теңгеге дейін өсіру көзделген.

Бекітілген жоспарға сәйкес 2025 жылға қарай ауыл тұрғындарын орталықтандырылған сумен 100% қамту және үш ауысымды мектептерді толығымен жою көзделген. Бекітілген жоспарға сәйкес 2021-2022 жылдары 59 іс-шара орындалған немесе бақылаудан алынған. 

Ал 21 міндетті тапсырма межелі мерзімде іске аспаған, олардың басым көпшілігі, яғни 70%-ы жеке инвестициялық жобаларға тікелей байланысты. Бұған басты себеп - әлемдік пандемия мен халықаралық геосаяси ахуалдар. Сондай-ақ жобалардың уақытылы жүзеге асуына құрылыс жұмыстарының ұзаққа созылуы және қаражат жетімсіздігі кедергісін келтірді. Сонымен қатар, жиында кешенді жоспарға сәйкес биыл жүзеге асырылып жатқан жобалар барысы айтылды. 

2023 жылы 173 жобаны іске асыру бастау алды. Оның ішінде экономиканы ілгерілету бойынша 72, тұрғын үй және инфрақұрылым бойынша– 38, әлеуметтік сала және экология - 51, азаматтық қорғанысты қамтамасыз ету бойынша – 12 шара жүзеге асырылмақ. 

Ал жыл соңына дейін нақты 63 іс-шараның аяқтау жоспарланды. Облыс әкімі мемлекет басшысымен бекітілген даму бағдарламасы өңірдің өркендеуі мен халықтың тұрмыс сапасының жақсаруына тікелей әсер ететінін айтты. 

Кешенді жоспардың өңір дамуында рөлі зор. Сондықтан барлық мемлекеттік органдар мен мекеме басшыларына жоспардағы әрбір тармақты бекітілген мерзімде ерекше жауапкершілікпен, әрі сапалы орындауды тапсырамын, - деді Нұрлан Ноғаев. 

Айта кетейік, 2021- 2025 жылдарға арналған кешенді жоба бойынша 2 трлн 167 млрд теңгені құрайтын 259 іс-шараны жүзеге асыру көзделген. 

Оның ішінде экономиканы дамыту бойынша– 113, тұрғын үй және инфрақұрылым бойынша – 58, әлеуметтік сала, экология бойынша 72 және азаматтық қорғанысты қамтамасыз етуде 16 іс-шара қарастырылған.

Өзгелердің жаңалығы