«Толқын» кен орнындағы №57 ұңғымада апатты жағдай болды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
2025 жылғы 6 маусым күні Бейнеу ауданында орналасқан «Varro Operating Group» ЖШС-нің «Толқын» кен орнындағы №57 ұңғымадан газ-су қоспасының өртсіз шығуы тіркелді. Апат салдарынан зардап шеккендер жоқ. Қазіргі уақытта ұңғыманың трубалық кеңістігінен газ-су қоспасының шығуы жалғасуда.
Авариялық жағдайды жою үшін оқиға орнына:
Маңғыстау облысы Төтенше жағдайлар департаментінен – 10 бірлік техника, 32 қызметкер және 1 ұшқышсыз ұшу аппараты;
«Ақберен» ЖШС,
«Оңтүстік мұнай сервис» ЖШС,
«Nobilis corp» ЖШС,
«Varro Operating Group» ЖШС-нің күштері мен құралдары жұмылдырылды.
Қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Қазіргі уақытта жағдай тұрақты бақылауда. Төтенше жағдайлар департаменті барлық қажетті шараларды қабылдауда және ахуалдың даму барысы туралы қосымша ақпарат берілетін болады.