Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті Маңғыстау облысындағы балалардың улануына қатысты ресми мәлімдеме жасады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қазір оқиға орнында Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің өкілдері жұмыс істеп жатыр. Балаларға қажетті медициналық және психологиялық көмек көрсетіліп жатыр. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Бүгінгі таңда дәрігерлерге қаралған балалар саны 460, оның 377 үй жағдайында бақылауға жіберілді. Облыстық балалар жұқпалы аурулар ауруханасына 83 бала жатқызылды. Ал жансақтау бөліміндегі екі бала бүгін жалпы палатаға ауыстырылды. Оқушылардың денсаулығы жақсарып келеді. Ал үйінде бақылауда болған оқушылар бүгін мектепке бара бастады. Мектеп асханасы мөр басылып, жабылды. Балалар толық сауыққаннан кейін оларға қосымша сабақтар ұйымдастырылатын болады, - деді комитеттің баспасөз қызметі.
Мәліметке сәйкес, бүгіннен бастап ҚР Оқу-ағарту министрінің тапсырмасы бойынша барлық облыстар мен қалаларда мектептердің ас блоктарына мониторинг жүргізу үшін мобильді топтар ұйымдастырылды.
Бұл топтар ыстық тамақты ұйымдастыру сапасын және балалардың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығын қамтамасыз ету және тамақтан уланудың алдын алу мақсатында санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуын бақылайды.
Айта кетейік, мектептерге тамақ жеткізушілер азық-түлік сапасын қамтамасыз етуге және олардың санитарлық-эпидемиологиялық нормаларға сәйкес болуына тікелей жауапты.
Әрбір әрекеттің артында балаларымыздың өмірі мен денсаулығы тұрғанын есте ұстаған жөн.
Бұған дейін Маңғыстауда тамақтан уланған балалардың жағдайы қандай екені айтылған еді.