Маңғыстауда жүкті әйел декреттік төлем үшін соттасып, жеңіске жетті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Маңғыстау облысында аспаз болып жұмыс істеген келіншек өзіне тиесілі жүктілік және босану бойынша әлеуметтік төлемді ала алмай, сотқа жүгінген.
Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры оған ақша төлеуден бас тартқан.
Іс материалдарына сәйкес, азамат Ж. 2024 жылдың желтоқсан айынан бастап жеке кәсіпкерлердің бірінде аспаз болып жұмыс істеген. 2025 жылдың маусым айында ол жүктілікке байланысты демалысқа шығып, тиісті төлемді алу үшін «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ-ға құжаттарын тапсырады.
Алайда, арада екі ай өткенде Қор төлем тағайындаудан бас тарту туралы шешім шығарған. Оған «жұмыс берушімен еңбек қатынастары әлеуметтік аударымдар арқылы расталмады» деген себеп негіз болған.
Сот ұсынылған дәлелдерді негізге ала отырып, әйел мен жұмыс беруші арасында еңбек қатынасы болғанын растады.
Сот шешімімен Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының төлемнен бас тарту туралы шешімі заңсыз деп танылды. Талапкердің жүктілік және босану бойынша әлеуметтік төлем алу құқығы қалпына келтірілді, - деп хабарлады Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының баспасөз қызметі.
Қазіргі таңда сот шешімі заңды күшіне енді.