Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, ішкі туризм мен жолаушылар тасымалын одан әрі дамыту үшін биыл Шығыс Қазақстан облысындағы Зайсан, Қатонқарағай және Маңғыстаудағы Кендірлі курорттық аймақтарында жаңа үш әуежайдың құрылысы басталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Көлік министрлігінің хабарлауынша, бұл өңірлердегі экономиканың дамуына тың серпін беріп, елдегі және басқа сырт мемлекеттерден келетін туристер санын арттырып, және сол жерлерде тұратын адамдарды жұмысқа орналастыруға мүмкіндік береді.
Кендірлі – Маңғыстау облысында орналасқан, Каспий теңізінің жағасындағы курорттық аймақ. Бұл жердің жағалаудағы құмы таза, теңізі жылы, табиғаты қолайлы. Шомылу маусымы да ұзақ.
Президент тапсырмасына сәйкес, «Кендерлі» курорттық аймағының бас жоспары әзірленді. Бұл аймақта жылына 300 мың адамға дейін қабылдай алатын туристік қала салынады. Инженерлік инфрақұрылым құрылысы басталды. Жоба іске асқан кезде Жаңаөзен қаласының тұрғындарын жұмыспен қамтып, негізгі жүктеменің төмендеуіне әсер етеді, - деген еді бұған дейін Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай.
Әкімнің дерегінше, өткен жылдың бірінші жарты жылында шетелдерден, республиканың басқа өңірлерінен Маңғыстауға 215 мың турист келген. Туризм саласында көрсетілген қызмет көлемі 40%-ға артып, 6,6 млрд теңгеге жеткен.
Жарас Мақсатұлы