Маңғыстау облысындағы мектептер мен балабақшаларда тұмау мен ЖРВИ бойынша жағдай ушығуына байланысты санитарлық бақылау күшейтілді. Бұл туралы өңірлік білім басқармасының басшысы Клара Құлатаева мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ Lada.kz-ке сілтеме жасап.
Білім беру ұйымдарына таңертеңгі сүзгі жүргізу тапсырылды: қызметкерлер мен оқушылар визуалды тексеруден өтеді, қажет жағдайда температура өлшенеді. Жөтел, мұрыннан су ағу, дене қызуы немесе басқа да ауру белгілері байқалған балалар бірден арнайы бөлмеге оқшауланып, ата-анасына хабар беріледі.
Мектептерде кабинеттер әр үш сағат сайын желдетіліп, ылғалды тазалық жасалады, санитайзерлер қолжетімді болуы тиіс. Бірқатар оқу орындарында бұқаралық іс-шаралар уақытша тоқтатылды, кейбір мектептерде маска режимі енгізілді.
Облыстың бас санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес, егер сыныптағы оқушылардың 30%-дан астамы сырқаттанса, сабақтар уақытша қашықтан оқыту форматына ауыстырылады.
Ата-аналарға балаларды аурудың алғашқы белгілері байқалғанда мектепке жібермеу және толық сауығудан кейін медициналық анықтама ұсыну ескертілді.