Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы, кинодраматург Смағұл Елубаевтың ХХ ғасырдың 30-жылдарындағы ашаршылық туралы әйгілі «Ақ боз үй» романы бойынша Сенек ауылында драма жанрындағы тарихи фильм түсірілетін болады.
Фильмде күллі қазақ халқы көрген нәубетті бір әулет басынан кешірген оқиға арқылы көрсетуді мақсат етіп отыр.Үздік шетелдік драма номинациясына ие болған «Аңшы бала» және «ОАЗИС», «Бала ғашық» көркем фильмдерін түсіруші режиссер Бегарыс Елубаевтың бұл фильмінде басты рөлді С.Сейфуллин атындағы Қазақ драма театрының әртісі Қайрат Кемалов Пахреддин би ретінде сомдайды.
Қарақия әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, Смағұл Елубаев түсірілім тобымен бірге Сенек ауылына келіп, фильм түсіретін орынды қарап танысты.
Қазақ елінің ашаршылықтан қырылған ауыр кезеңі сомдалатын тарихи фильмнің түсірілімі алдағы апта басталып, 2022 жылдың наурыз айында көрерменге жол тартпақ.