Маңғыстау облысы бойынша ҚАЖ департаментінің тергеу изоляторында Халықаралық ынтымақтастық күні аталып өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Іс-шара сотталғандардың өзара түсіністігі мен қолдауын нығайтуға бағытталған әңгімелесу және психологиялық ойыннан тұрды. Инспектор-психолог Тоғжан Жиенбаева сотталғандармен әңгіме өткізіп, адамдар арасындағы өзара құрмет пен ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті.
Аға инспектор-теолог Мұрат Орынбай бірлік пен төзімділікке негізделген рухани құндылықтарға тоқталып, олардың қоғамдағы рөлін түсіндірді. Сотталғандар қарым-қатынас дағдыларын дамытуға және командада жұмыс істеуге бағытталған психологиялық ойынға белсене қатысты.
Ойын қатысушыларға бір-бірін жақсырақ түсінуге және қолдау сезінуге мүмкіндік берді. Мұндай іс-шаралар сотталғандарды қайта әлеуметтендіру бағдарламасының маңызды бөлігі болып табылады, олар оң құндылықтарды қалыптастырып, әлеуметтік байланыстарды нығайтуға ықпал етеді.