Маңғыстауда Қарақия аудандық ауруханасын қайта жаңарту мәселесі қаралады

Маңғыстауда Қарақия аудандық ауруханасын қайта жаңарту мәселесі қаралады

 Маңғыстау облысының әкімдігі 21 Қараша 2026, 17:21
21 Қараша 2026, 17:21
125
Фото: Маңғыстау облысының әкімдігі

Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай Қарақия орталық аудандық ауруханасын жаңғырту мәселесін бақылауға алуды тапсырды. Ауданға жұмыс сапары кезінде ол медициналық мекеменің жағдайымен танысып, оны жаңарту қажеттігін талқылады.

Аурухана ғимараты 1978 жылы пайдалануға берілген. Жертөлесі бар үш қабатты нысанның жалпы аумағы – 3 458 шаршы метр, құрылыс көлемі – 17 296 текше метр. Медициналық мекеме 55 төсек-орынға арналған.

Ауруханада күрделі жөндеу жұмыстары 2007 жылы, ал ағымдағы жөндеу 2020 жылы жүргізілген. Алайда атқарылған жұмыстарға қарамастан, ғимаратты кешенді түрде жаңартып, қайта жаңғырту қажет.

Аурухананың балансында 11 санитарлық автокөлік бар. Шалғай елді мекендерге медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін Сенек, Бостан және Құланды ауылдарындағы дәрігерлік амбулаторияларға, сондай-ақ Болашақ станциясындағы фельдшерлік-акушерлік пунктке бір-бір көліктен бөлінген. Құрық ауылының емханасына екі автокөлік бекітілген. Қалған бес көлік орталық аудандық ауруханаға қызмет көрсетеді.

Нұрдәулет Қилыбай нысанды аралау қорытындысы бойынша ғимаратты жаңарту қажеттігін атап өтті. Қазір қайта жаңғырту аясында аурухананың үш қабатында да күрделі жөндеу және қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу, сондай-ақ гаражды жаңғырту мүмкіндігі қарастырылып жатыр.

Наверх