Маңғыстауда мұнай кен орнында резервуарды тазалау кезінде өрт шықты

Құлжан кен орнындағы «Мұнай тапсыру пункті» нысанында резервуарды тазалау жұмыстары кезінде жергілікті өрт шықты.

 Экология және табиғи ресурстар министрлігі 9 Тамыз 2026, 13:49
9 Тамыз 2026, 13:49
144
Фото: Экология және табиғи ресурстар министрлігі

Маңғыстауда мұнай кен орнында резервуарды тазалау кезінде өрт шықты

Оқиға 7 тамызда резервуарды тазалау жұмыстары кезінде болған.

Маңғыстау облысының Экология департаментінің мәліметінше, оқиға туралы ақпарат сағат 18:10-да түскен. Алдын ала дерек бойынша, көлемі 2 мың текше метр болатын №2 РВС резервуарының түбіндегі шөгінділерді ішінен тазалау кезінде ЦА-320 цементтеу агрегаты өртенген.

Жұмыс жүргізілген кезде резервуар бос болған, ішінде мұнай болмаған.

Өрт сағат 19:20-да оқшауланып, 20:00-де толық сөндірілді. Осыдан кейін нысан қалыпты режимде жұмысын жалғастырды.

Алдын ала мәлімет бойынша, айтарлықтай материалдық шығын тіркелмеген. Мұнай технологиялық жабдық пен нысан аумағынан тыс жерге төгілмеген.

Оқиға туралы Маңғыстау облысының Төтенше жағдайлар департаменті мен Мемлекеттік еңбек инспекциясына хабар берілді.

9 тамызда Маңғыстау облысы Экология департаментінің мамандары тексеру жүргізу үшін кен орнына барды. Ведомство жоспардан тыс тексеру тағайындау мәселесін де қарастырып жатыр.

Өрттің нақты себебі, келтірілген ықтимал шығын көлемі және оқиғаға құқықтық баға тексеру шараларының қорытындысы бойынша анықталады.

Наверх