Бұдан былай маңғыстаулық жастар Астана мен Алматыға бармай-ақ, Ақтаудың өзінде ІТ-саласын жетік меңгеруге мүмкіндік алды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Маңғыстау облысының Ішкі саясат басқармасының мәліметінше, технопарк – аймақтың кәсіпкерлеріне, жоғары оқу орындары мен колледж студенттеріне және мектеп оқушыларына арналған. Олар мұнда идеяларын, стартап жобаларын жүзеге асырып, нарыққа қажет жұмысшы мамандықтарын меңгереді. Заманауи ғимараттың бірінші қабатында робототехника, цифрлық өндіріс, металл және ағаш өңдеу шеберханалары жұмыс істейді. Ал екінші қабатта жасанды интеллект, ойындар әзірлеу, блокчейн, криптовалюта, мобильді қосымшалар мен киберқауіпсіздік, IT салалары бойынша білім беріледі. Ол үшін білім беру жәнетехнологиялар саласындағы әлемге әйгілі жаңашыл ұстаз, франциялық Николя Садиракты арнайы шақырылған. Технопаркте оның "01 Edu" бағдарламасы бойынша білім беріледі.
Мен Қазақстанда 6 жылдан бері жұмыс істеп келемін. Бұл бағдарлама Астана мен Алматы қалаларында ғана қолданыста болды. Біздің мақсатымыз - "Мұғалімсіз оқыту" платформасын барлық өңірге енгізу. Ақтау қаласы тізімді бастады. Студенттер ІТ-бағдарлама жасау туралы тапсырманы бірлесе орындап, осы кезден бастап өз бойына ұжымдық жауапкершілік сезімін қалыптастаруға күш салады, - дейді франциялық оқытушы Николя Садирак.
Екінші курс студенті Рысжан Сансызбай технопаркте өз жобасын жүзеге асыра бастаған. Ол қазақ тілінде сөйлейтін гид робот жасап жатыр. Өнертапқыш жобасын оқу орындары мен халыққа қызмет көрсету орталықтарына ұсынуды көздейді.
Технопаркте 3d принтер, мықты компьютерлер бар. Бұл бізге үлкен мүмкіндік береді. Менің роботым мысалы, құжатты қайдан алу керек деген сұраққа жауап береді. Студенттер университетке бірінші келген кезде ненің қайда екенін білмей қиналады ғой. Менің басымнан да өткен. Сондықтан бұл жобамды мекемелердің қабылдау аймағына қоюға болады, - дейді ол.
Технопаркте қолөнер шеберлері мен дизайнерлер үшін тігін цехтары жұмыс істейді. Олар пенопласт, ағаш және темірден шағын сәулет мүсіндері мен кәдесыйлар жасайды.
Лазерлі станогымыз бар, ол грабировка жасайды және кеседі. Одан кейін маркерлі лазеріміз бар. Ол темірге грабировка жасайды. Осының бәрін студенттер мен оқушыларға үйретуге дайынбыз, - дейді технопарк қызметкері Сұлтанбек Ізмағанбетов.
Технопарк қуатты 90 компьютермен жабдықталған. Бұл білім алушыларға халықаралық еңбек нарығыныңталаптарына сәйкес оқуға және нақты жобаларды әзірлеуге мүмкіндік береді.
Пилоттық режимде министрлікпен келісіп, осы жобаны бастадық. Әрі қарай өзінің жақсы нәтижесін көрсетсе, барлық университеттің базасында ашылады деген министрліктің тарапынан үлкен жоба бар. Сондықтан, біздің маңғыстаулық жастарға енді Астана мен Алматыны іздемей осы жерде ІТ-саласын өзі жетік меңгеруге мүмкіндік алды, - дейді жобаны үйлестіруші, Ш Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетінің ректоры Берік Ахметов.
Технопарктің аумағында "Жастар паркі" мен 1500 орындық стадион іске қосылды. Саябақ – Ақтаудың жастарын біріктіру мақсатында, демалыс ұйымдастырып, шығармашылықпен айналысулары үшін ашылған. Парктің аумағына 3000 тал егілді. Субұрқақ, 50 орындық кафе мен амфитеатр жұмыс істейді. Мұнда жылдың барлық мезгілінде мәдени-танымдық шаралар өткізу жоспарланған. Ал стадион футбол мен жеңіл атлетикадан облыстық деңгейдегі жарыстар ұйымдастыруға таптырмайтын орын.