Маңғыстауда екі балық шаруашылығы кәсіпорны іске қосылады

12 Шілде 2023, 15:20
717
Бөлісу:
Маңғыстауда екі балық шаруашылығы кәсіпорны іске қосылады

Маңғыстауда 2024 жылдың соңына дейін екі балық шаруашылығы кәсіпорны іске қосылады, деп хабарлайды BAQ.KZ. 

Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, Маңғыстауда балық шаруашылығын жандандыру және дамыту бойынша жаңа кәсіпорындар құру мен жұмыс орындарын ашу, шығарылатын өнім көлемін ұлғайту және теңіз фаунасының популяциясын сақтау жұмыстар қайта жаңғырды.

Балық өсіруге және оны өндіруге баса назар аудара отырып, балық шаруашылығын жандандыру және оны дамыту өңірдің ғана емес, еліміздің әлеуметтік экономикалық даму көрсеткіштерін ұлғайтуға оң әсер ететін перспективті басым бағыттардың бірі. 

Маңғыстау облысында Каспий теңізінің жағалау сызығының ұзындығы 1350 шақырымды құрайды. 

Қазіргі таңда балық аулау үшін екі ауданда 33 учаске бөлінген. 

Олардың 22-сі Түпқараған ауданында болса, 11-і Қарақияда орналасқан. 

Учаскелердегі жалпы штат саны 793 балықшыдан тұрады, 2023 балықшылар саны 811-ге дейін өскен. 

Балық шаруашылығын мемлекеттік қолдау мақсатында 2022 жылы 10,5 млн теңге бөлініп, оның 9,532 млн теңгесі игерілген. 

Бүгінде аймақта балық аулаумен 3 кәсіпорын айналысады. Олар «Caspian riviera», «Kazakh osetter», «Nataly Company» кәсіпорындары. 

Облыста 2022 жылы 37 тонна балық өсіру жоспарланып, бұл мақсат 10,5 тоннаға артық орындалған. 

Өңірде 2022 жылы жалпы салмағы 47,5 тоннаны құрайтын жайын және бекіре тұқымдас балық өсірілген. Алдағы екі жылда облыста балық өсірумен айналысатын екі кәсіпорын ашу жоспарланған. 

Олар «Caspy Altyn Balyk» ЖШС және «Кәусар бұлақ» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі. «Caspy Altyn balyk» ЖШС тұйықталған су жүйесі арқылы бекіре балықтарын өсіретін және қайта өңдейтін, жалпы құны 400 млн теңгені құрайтын жоба. 

«Кәусар бұлақ» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі ауыл шаруашылығы мақсатында берілген ауданы 40 гектар жер учаскесін ресімдеген, оның ішінде 5 гектар жер ішінара балық өсіруге арналған. 

Қазір тоғанда 28000 данадан астам сазан шабақтары өсіріледі. Жобаның құны 20 млн теңгені құрайды.  Сонымен қатар, білікті кадр резервін қалыптастыру және балықшаруашылығы саласын кепілді дамыту үшін Түпқараған гуманитарлық-кәсіптік колледжінде балық шаруашылығы факультеті ашылған. Оқыту «Балық өндірісі» мамандығы «Техник-технолог» біліктілігі бойынша жүргізілетін болады. Жаңа оқу жылында бұл мамандықтарда 20 студент оқиды. Студенттер жергілікті бюджеттің қолдауымен тегін оқытылады және шәкіртақы алатын болады, - делінген хабарламада.

Өзгелердің жаңалығы