Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «SENIM» Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіподағының үздік бастауыш кәсіподақ ұйымдары марапатталды.
«SENIM» Денсаулық сақтау жүйесі қызметкерлері кәсіподағының Маңғыстау облыстық филиалының «Үздік бастауыш кәсіподақ ұйымы-2021» байқауының облыстық кезеңі аяқталды.
Байқау шарты бойынша қатысушы кәсіподақ ұйымдары бірнеше критерийлер бойынша бағаланды. Атап айтқанда бастауыш кәсіподақ ұйымының жұмысы туралы толық ақпараты бар анықтама-визитка, ұжымдық шарт, 2021 жылға арналған жұмыс жоспары, бір мәдени-көпшілік іс-шараның сценарийі, кәсіподақ комитеті отырысының және жалпы ұжымдық жиналыстың бір хаттамасы бойынша, бастауыш кәсіподақ ұйымдары жұмысының тиімділігі мен рөлін арттыру туралы эссе, бастауыш кәсіподақ ұйымы төрағасының өзін-өзі таныстыруы. Яғни көшбасшының автопортреті - өзі туралы әңгіме, өзінің көшбасшылық қасиеттерінің жалпы сипаттамасы, кәсіподақ көшбасшысы ретінде өзінің жетістіктерін көрсету, өзінің көшбасшылық қасиеттерінің бастауыш кәсіподақ ұйымының жұмысына әсерін көрсету.
Өткізілген байқау нәтижелері бойынша конкурстық комиссияның шешімімен 1-орын және 350 000 теңге көлеміндегі ақшалай сертификатты дәрігер хирург Сүлейменов Нұрболат Дәрібекұлы төрағалық еткен «Бейнеу орталық аудандық ауруханасы» бастауыш кәсіподақ ұйымы, 2-орынды және 300 000 теңге сертификатты еңбекті қорғау жөніндегі маман Мұханова Айгул Оразбайқызы төрағалық еткен «Түпқараған орталық аудандық ауруханасы», 3-орынды және 250 000 теңгені аналитикалық талдау-мониторинг бөлімінің меңгерушісі Жанжігітова Айгерім Қойшықызы төрағалық еткен «Облыстық психикалық денсаулық орталығы» иеленді, - деп хабарлады облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.Байқаудың жеңімпазы «Бейнеу орталық аудандық ауруханасы» бастауыш кәсіподақ ұйымы республикалық деңгейде «Үздік бастауыш кәсіподақ ұйымы - 2021» атағы үшін күресті жалғастырады.
Жеңізпазды және жүлдегерлерді марапаттаған «SENIM» Денсаулық сақтау жүйесі қызметкерлері кәсіподағының Маңғыстау облыстық филиалының төрағасы Сәкен Мырзақұлов, аймақтық филиалдың барлық мүшесінің атынан өңірлік кезеңнің жеңімпазына республикалық деңгейде жүлделі орын алуға тілектестігін білдірді.
Еске сала кетейік, конкурсты филиал кәсіподақ мүшелерінің еңбек және әлеуметтік-экономикалық құқықтары мен мүдделерін қорғау бойынша бастауыш кәсіподақ ұйымдарының қызметін жандандыру, бастауыш кәсіподақ ұйымдарының ақпараттық жұмысының тиімділігін одан әрі арттыру, жұмыс тәжірибесін жалпылау мен таратуға жәрдемдесу, кәсіподақтың имиджін танымал ету және арттыру үшін «SENIM» Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» РҚБ қаулысын орындау мақсатында өткізген болатын.