Маңғыстау облысында полицияның 2024 жылғы қызметінің қорытындысы бойынша жиын өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Облыс әкімдігінің хабарлауынша, шараға Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай, ҚР ІІМ тергеу департаментінің бастығы Мұхтар Қожаев, облыс прокуроры Айдос Майлыбаев қатысты. Басқосуда ішкі істер органдарының негізгі жетістіктері мен биыл назар аудару керек мәселелер талқыланды.
Өңірде бір жылда 3176 қылмыстық құқықбұзушылық тіркелді. Ұрлық, тонау, бұзақылық пен кәмелет жасына толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтар сияқты қылмыстар саны айтарлықтай төмендеген.
Аймақтағы криминогендік және қоғамдық-саяси жағдай тұрақты.
Шенділердің есебінше, 126 келі есірткі тәркіленіп, 768 граффити-жазба жойылып, есірткі саудасына қатысты 610 интернет-ресурс бұғатталды. Полиция қызметкерлері мас күйінде көлік жүргізген 1016 жүргізушіні ұстады.
Облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, жыл қорытындысы бойынша, Маңғыстау облысы қылмыстарды ашу деңгейі бойынша Қазақстан өңірлерінің арасында бірінші орынға ие болды.
Жарас Мақсатұлы