Маңғыстауда балық өсірудің жаңа әдістері ұсынылды

28 Наурыз 2023, 19:46
1167
Бөлісу:
Маңғыстауда балық өсірудің жаңа әдістері ұсынылды
Фото: Рахим Қойлыбаев

Маңғыстау облысында былтыр  4900 тонна балық ауланып, 47 тоннасы өсірілген. Ал 25 тонна өнім экспортқа шығарылды. Соңғы үш жылда облыста өсірілетін балық көлемі екі есеге артты, деп хабарлайды оосы өңірдегі BAQ.KZ тілшісі.

«Балық өндірісін ұлғайту үшін тор қоршама-бассейн шаруашылығын құру мүмкіндіктерін дамыту қажет. Каспий теңізінің бекіре, албырт және олардың будандарын осы жолмен өсіруге үлкен мүмкіндігі бар. Дегенмен, балық қорын табиғи су қоймаларында пайдаланудың өз шегі бар, әсіресе өңірде басқа өзен-көлдердің жоқтығын ескерген жөн. Осыған байланысты теңізде торлы қоршаулар жасау технологиясын қарастыру қажет. Дауылға төзімді тор қоршамалар - ашық теңізде балық өсіруге арналған арнайы құрал. Бүгінгі күні бұл технология Қазақстанның ешбір жерінде қолданылмайды, сондықтан Каспий теңізінде торлы қоршамаларда балық өсіретін аймақтарды белгілеп, ғылыми мамандарды тарту ұсынылып отыр»,- дейді Маңғыстау облысының балық шаруашылығы басқармасының басшысы Арман Молдашев.

Аталған технологияның дәстүрлі балық аулаудан айырмашылығы - табиғи ресурстарды шектен тыс пайдаланбайды. Осы әдіспен жойылып бара жатқан балық түрлерін қалпына келтіруге көмектесетін көрінеді. Саланы дамыту қосымша жұмыс орындарын ашып, еңбекпен қамтуға мүмкіндік береді. 

Ғылыми зерттеулер мен жаңа технологияларды дайындау мақсатындағы инвестициялар балық шаруашылығының тиімділігі мен тұрақтылығына, өнім сапасын жақсартуға сеп болмақ. 

Қазірдің өзінде Каспий теңізінде мемлекетаралық стандарттар мен техникалық талаптарды сақтамай резеңке қайықтар мен байдада балық аулайды. Салдарынан балық өнімдері мұздатылмай, ашық күйде қалып, тұтынушыларға сапасыз жағдайда ұсынылады. 

Мұны болдырмау үшін балық аулау флоттарын ұлғайту және жаңа технологияларды кеңінен қолдану, сондай-ақ жағалау инфрақұрылымын құру жағдайды айтарлықтай жақсарту қажет. Сондықтан да кәсіпкерге балық аулау флотын сатып алу үшін 50 пайыздық субсидия беру немесе жеңілдетілген пайызбен несие беру мүмкіндігін қарастыру ұсынылып отыр. 

Балық шаруашылығын дамытудың тағы бір бағыты - шағын балық аулау кемелері мен флоттарды құрастыратын кәсіпорындар ашу. Бұл Каспий теңізінде кәсіптік балық аулауды кеңейтпек. 

Өзгелердің жаңалығы