Ақтау қаласында Қазақстан Қарулы күштері Бас штабы бастығының орынбасары полковник Дәурен Манаптың басшылығымен жоспарлы конференция өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап.
Іс-шараға Әзербайжан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан қорғаныс ведомстволарының өкілдері қатысты.
Тараптар "Бірлестік-2024" жедел-тактикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуының дайындығына байланысты бірқатар мәселелерді талқылады. Әскери мамандар осы жылдың шілде айында оқу-жаттығу өткізуге жоспарлап отырған "Оймаша" полигонында оны ұйымдастыру мәселелерін пысықтап, Каспий теңізіндегі Тоқмақ мүйісінде болды.
Әскери маневрлер теңіздегі түнгі эпизодтарды және десант түсіруді қамтиды.