Маңғыстауда "алып бала" дүниеге келді

Бүгiн, 09:11
398
Бөлісу:
Маңғыстауда "алып бала" дүниеге келді
Фото: Маңғыстау облыстық перинатальдық оталығы

Ақтауда, Маңғыстау облыстық перинатальдық орталығында салмағы 5 келі 760 грамм, бойы 61 см болатын ерекше нәресте дүниеге келді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Жаңа туған бөбектің салмағы үлкен болуы дүниежүзілік акушерия практикасында "алып ұрық" деп аталады. Облыстық перинатальдық орталықтың мәліметінше, сәби отбасындағы екінші бала, ал оның 2022 жылы туған ағасы 4320 грамм салмақпен дүниеге келген. Анасы баласына жүкті кезінде гестациялық қант диабетімен ауырған. Қазіргі уақытта ана мен баланың жағдайы тұрақты, екеуі де дәрігерлердің бақылауында.

Алып сәбидің туылуы қуаныш болғанмен, ана мен бала денсаулығына қауіпті де болатыны рас. Мамандардың айтуынша, мұндай ірі баланы босану әйел ағзасының әлсіреп, аурудың асқынуына әкеледі. Ал дүниеге енді келген бала гипогликемия, полицитемия сияқты дерттерге шалдығуы немесе тыныс алуы қиындауы мүмкін. Сонымен қатар, мұндай балалардың өсе келе семіздік, қант диабеті, жүрек-қан тамырлары ауруларына шалдығу қаупі де арта түседі.

Алып балалардың дүниеге келуі Маңғыстау жұртына таңсық емес. 2016 жылы Ақтау қаласында салмағы 6 килограмм 100 грамм қыз бала өмірге келді. 2023 жылы Маңғыстау облыстық перинаталдық орталығында салмағы 6 килограмм 880 грамм нәресте дүние есігін ашты. 2023 жылдың қаңтарында Форт-Шевченко қаласының 26 жастағы тұрғыны салмағы 5 килограмм 800 грамм қыз баланы туды.

Жарас Мақсатұлы

Өзгелердің жаңалығы