Маңғыстауда әкім сайлауына дайындық қызды

26 Қыркүйек 2023, 16:40
984
Бөлісу:
Маңғыстауда әкім сайлауына дайындық қызды
Фото: Арман Мухатов - архив

11 қыркүйек күні Маңғыстау облыстық мәслихатының шешімімен «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңының талаптарына сәйкес, пилоттық өңір ретінде Бейнеу ауданы анықталып, сайлау күні ағымдағы жылдың 5 қарашасына белгіленді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Осыған байланысты, Бейнеу аудандық сайлау комиссиясы 15 қыркүйекте аудан әкімінің сайлауын тағайындады.

Әкімнің сайлауын тағайындау туралы қаулымен бірге «Сайлауды әзірлеу мен өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың «Күнтізбелік жоспары» бекітілді.

Әкімді сайлау кезінде Бейнеу ауданы аумағының шекарасында біртұтас аумақтық сайлау округі құрылды. 
Сайлау округінің шекарасы мен аудандық сайлау комиссиясының орналасқан жері, аудандық, учаскелік сайлау комиссияларының құрамы, сайлау учаскелерінің шекаралары туралы мәліметтер аудандық сайлау комиссиясының интернет-ресурсында және жергілікті «Рауан» газетінде жарияланды.

Әкім лауазымына жиырма бес жасқа толған ел азаматтары, төрт жыл мерзімге сайланады. Әкім болып сайлану үшін кандидат «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңда, «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» заңның 36-2-бабында және мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамада көзделген талаптарға сәйкес келуі тиіс. Әкім болуға кандидатты ұсынуды саяси партиялар – өз мүшелері арасынан, азаматтар өзін-өзі ұсыну тәртібімен, сондай-ақ егер ұсыну мерзімі аяқталатын күнге екеуден аз кандидат ұсынылса, жоғары тұрған әкім жүргізеді,- дейді Маңғыстау облыстық сайлау ​комиссиясының төрағасы Елубай Әбілов.

Кандидаттардың қойылатын талаптарға сәйкестігін анықтау үшін аумақтық сайлау комиссиясы ұсынған құжаттар негізінде, мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті органы, Бас прокуратураның құқықтық статистика және арнайы есеп жөніндегі комитеті және ішкі істер органдары заңда белгіленген мерзімде (үш күн мерзімде) тиісті ақпараттарды ұсынады.

Әкім болуға кандидат өзін-өзі ұсынған жағдайда, тиісті сайлау округінің сайлаушыларының жалпы санының кемінде 1% дауысымен қолдау табуға тиіс. Кандидатты қолдап қол жинауды сенім білдірген адамдар ұйымдастырып, қол қою парақтарымен ресімдейді. Жиналған қолдардың дұрыстығын аумақтық сайлау комиссиясы құжаттандыру және паспорттар мен жеке куәліктер беру жөніндегі уәкілетті органның жұмыскерлерін тарта отырып тексереді (3 күн ішінде).

Ұлттық қауіпсіздік органдары кандидаттың құжаттары тіркеуге келіп түскен күннен бастап арнайы тексеруді жүргізеді және оның нәтижесін отыз күн ішінде аудандық сайлау комиссиясына ұсынады.

Ал, кандидат пен оның зайыбы (жұбайы) декларациялаған активтер мен міндеттемелер туралы мәліметтердің дұрыстығын мемлекеттік кірістер органдары кандидат тіркелген күннен бастап бес күн ішінде тексереді.

Сонымен қатар, кандидаттар жергілікті атқарушы органның шотына ең төменгі жалақының бес еселенген мөлшерінде, яғни 350 000 теңге сайлау жарнасын енгізуі тиіс.

Кандидаттарды ұсыну ағымдағы жылдың 16 қырқүйегінде басталды және 5 қазанда сағат 18:00-де аяқталады.

Қазіргі таңда, өзін-өзі ұсыну жолымен 3 кандидаттан өтініш қабылданды.

Кандидаттарды тіркеу барлық қажетті құжат алынғаннан кейін басталады және 10 қазанда сағат 18:00-де аяқталады.

Тіркелген кандидаттар туралы ақпарат бұқаралық ақпарат құралдарында 5 күннен кешіктірілмей жарияланады.

Сайлау алдындағы үгітті жүргізу мерзімі кандидаттарды тіркеу аяқталған сәттен басталып, 4 қараша күні сағат 00:00 аяқталады (24 күн).

Облыстық сайлау комиссиясымен кандидаттарға сайлау алдыңғы үгітті жүргізуге жергілікті бюджет қаражатынан бөлінетін шығыстардың мөлшері 440 мың теңге көлемінде айқындалды. Көрсетілген қаржы кандидаттың бұқаралық ақпарат құралдарында сөз сөйлеуіне, мақала жариялауға, сайлау алдыңғы жария іс-шараларын өзкізуге, үгіт материалдарын шығаруға және көліктік шығыстарына жұмсалады.

Дауыс беру 5 қараша күні сағат 07.00-де басталып, 20.00-де аяқталады.

Сайлау қорытындысы бойынша басқа кандидаттармен салыстырғанда дауыс беруге қатысқан сайлаушылар дауысының көпшілігін жинаған кандидат әкім болып сайланды деп есептеледі.

Сайлаудың нәтижесі сайлаудан кейін 3 күн мерзімнен кешіктірілмей қорытындыланып, 7 күн ішінде бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланатын болады.

Сайлауды әзірлеу мен өткізу кезеңінде 1 аумақтық және 30 учаскелік сайлау комиссиялары қызмет атқарады. Комиссия мүшелерінің жалпы саны 195 адам.

Сайлауды әзірлеу мен өткізу шаралары бекітілген күнтізбелік жоспарға сәйкес жүргізілуде.

Өзгелердің жаңалығы