Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Маңғыстау облысында жыл басынан бері жүргізілген мемлекеттік аттестацияның бірінші кезеңінен 28 білім беру ұйымы өтпей қалды.
Бұл туралы облыстық білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Есболат Өмірзақ айтты.
Мемлекеттік аттестацияда жалпыға білім беру стандартының орындалу барысы қаралады. Оның ішінде, білім беру мазмұнына, оқу жүктемесіне қойылатын талаптар тексеріледі. Оқу жоспарының орындалысы және балалардың білім деңгейі бағамдалады, яғни, 4, 9 және 11-сыныптардан бақылау тестісі алынады. Аттестацияланбаған мектептерде осы тестілеудің шектік деңгейінен өтпей қалған оқушылар болды. Екінші, оқу жоспарының орындалмай қалуы және материалдық-техникалық базасының толық емес болуына байланысты кемшіліктер болды, – деді Есболат Өмірзақ өңірлік коммуникациялар орталығында өткен брифингте.
Атап айтқанда, 21 мектеп, 31 балабақша мен 1 колледж мемлекеттік аттестацияға қатысқан. 11 балабақша мен 16 мектеп екінші рет тексеруден өтуге мәжбүр болған. Балабақшаларды қайта аттестациялау жүргізіліп жатыр.