Маңғыстау жолдарында "Оракул" жүйесі іске қосылды, деп хабарлайды BAQ.KZ Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Маңғыстау облысында жол-көлік оқиғаларының алдын алу және көлік жүргізушілерінің тәртібін арттыру мақсатында жаңа технологиялық қадам жасалды. Енді республикалық маңызы бар тас жолдарда "Оракул" жүйесімен жабдықталған арнайы автопатруль көліктері тәулік бойы қызмет атқарады.
Бұл заманауи құрылғы жылдамдықты шамадан тыс асырған көліктерді автоматты түрде анықтап, құқық бұзушылықты бірден тіркейді. Жол қозғалысы ережелерінің сақталуын бақылаудың тиімділігін арттыру арқылы "Оракул" жүйесі жүргізушілердің тәртібін қадағалап қана қоймай, жолдағы қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған.
Патрульдік полиция ротасы жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтап, құқық бұзушылықтарға жол бермеуге шақырады. Әрбір жүргізуші өз тәртібі арқылы тек өзінің ғана емес, айналасындағы жолаушылардың да өмірін қорғауға үлес қосатынын ұмытпағаны жөн.