Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Маңғыстау облысындағы газ жарылысы: екі адам зардап шекті

Бүгiн, 21:49
115
Бөлісу:
 Скриншот
VIDEO
Фото: Скриншот

Маңғыстау облысы Қызылсай ауылындағы жеке тұрғын үйде газ-ауа қоспасының жарылысы салдарынан бір отбасы баспанасыз қалып, екі адам зардап шекті. Оқиға 20 желтоқсанда таңғы сағат 09:40-та болған, алайда бейнежазба әлеуметтік желілерде бүгін, 26 желтоқсанда тарады, деп хабарлайды BAQ.KZ Lada.kz-ке сілтеме жасап.

Алдын ала мәліметтер бойынша, газ жабдықтарын пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарының бұзылуы салдарынан табиғи газдың шығуы орын алған. Нәтижесінде тұрғын үй ішінара қирады. Өрт тіркелген жоқ.

Оқиға кезінде үйде төрт адам болған. Екі адам – 69 жастағы әйел мен 11 жастағы бала жарақат алып, Жаңаөзен қалалық көпсалалы ауруханасына жеткізілді.

Дәрігерлердің мәліметінше, қарт әйелдің жағдайы ауыр, ол реанимация бөлімінде жатыр. Науқасты Ақтауға ауыстыру мәселесі қаралғанымен, жағдайының тұрақсыздығына байланысты ем Жаңаөзенде жалғасуда. Ал 11 жастағы бала реанимациядан травматология бөліміне ауыстырылды, жағдайы салыстырмалы түрде тұрақты. Емдеу облыстық мамандармен бірлесіп жүргізіліп жатыр.

Оқиға орнына төтенше жағдайлар қызметі, жедел жәрдем, полиция және газ қызметі жұмылдырылды. Отбасы уақытша баспанамен қамтамасыз етілді.

Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.

Өзгелердің жаңалығы