Маңғыстау облысында референдум күні дүниеге келген сәбиге Атазаң есімі берілді

Атазаң – отбасының тоғызыншы перзенті.

 pexels.com Кеше 2026, 14:56
Кеше 2026, 14:56
151
Фото: pexels.com

Маңғыстау облысында республикалық референдум өткен күні көпбалалы отбасында ұл бала дүниеге келді. Сәбиге Атазаң есімі қойылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Нәресте – отбасының тоғызыншы перзенті. Ұл бала 4130 грамм салмақпен, бойы 57 сантиметр болып өмірге келген. Дәрігерлердің айтуынша, анасы мен сәбидің жағдайы қалыпты, өздерін жақсы сезінеді және мамандардың бақылауында.

Бүгінгі қуаныш отбасы үшін ерекше әрі символдық мәнге ие болды.

Ұлымыз еліміз үшін маңызды күні дүниеге келді. Сондықтан оған Атазаң деп ат қойдық. Бұл оқиға отбасымыздың тарихында мәңгі сақталсын деп тіледік. Баламыз ер жетіп, елін сүйетін, халқына пайдасын тигізетін азамат болып өссе екен дейміз, – деді сәбидің анасы.

Ата-анасының айтуынша, ұлдарының ел үшін маңызды күнде дүниеге келуі олар үшін өмір бойы есте қалатын ерекше сәтке айналған.

Перзентхана дәрігерлері жас ата-ананы сәбидің дүниеге келуімен құттықтап, нәрестеге зор денсаулық, амандық және бақытты балалық шақ тіледі. Медициналық қызметкерлердің айтуынша, дені сау сәбидің дүниеге келуі – тек отбасы үшін ғана емес, дәрігерлер үшін де әрдайым үлкен қуаныш.

Айта кетейік, Маңғыстау облысында ана мен балаға қолдау көрсетуге ерекше көңіл бөлінеді. Өңірде көпбалалы отбасылар үшін түрлі әлеуметтік қолдау шаралары қарастырылған. Олар отбасылардың өмір сапасын жақсартуға және балалар өсіріп отырған жанұялардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған.

Ал кішкентай Атазаңның дүниеге келуі отбасы үшін тағы бір қуанышты оқиғаға айналып, ел өміріндегі маңызды қоғамдық-саяси күнмен тұспа-тұс келген жаңа өмірдің символы болды. Туыстары мен жақындары жас ата-ананы құттықтап, нәрестеге бақытты әрі жарқын болашақ тіледі.

 

 
 
 
 
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

Публикация от BAQ.KZ ақпарат агенттігі (@baq.kaz)

Наверх