Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін Қазақстан Республикасының Мəдениет жəне спорт вице-министрі Өркен Бисақаев жұмыс сапарымен Маңғыстау облысына барды.
Іс-сапар барысында өңірдегі туризм және экология саласының өкілдерімен кездесті. Өркен Бисақаев биыл шілде айынан бастап Маңғыстауға келушілер саны артқанын атап өтті. Бұл өз кезегінде облыс туризмін дамытуға ден қою керегін аңғартатынын айтты.
Бүгінде туристер арасында Rixos Water world қонақүйі бағытынан бөлек Бозжыра шатқалы да танымал. Біздің статистикамыз бойынша қазір бұл жерге келушілер саны өткен жылмен салыстырғанда 10 есе артқан. Жобамен бұл жерге 2 мыңнан астам адам келген. Ал келесі жылы бұл көрсеткіш артып, кемі 10 мыңнан астам турист келіп, көреді деген болжам бар,-деді вице-министр.Айта кетейік, бұған дейін БАҚ өкілдері əкімдік шатқалда қонақ үй кешені жобасын жүзеге асырады деген хабар таратқан еді. Бұл жайтқа қатысты экологтар құрылыс жұмыстары кезінде бұл жерге зиян екенін айтып, қарсы болған.
Өркен Бисақаев аталған жайтқа қатысты түсініктеме беріп, алдымен экономика тұрғысынан қажеттілік пен экология арасындағы теңдікті сақтау маңызды екенін жеткізді.
Сонымен қатар вице-министр шатқал аумағында инфрақұрылымды ретке келтіріп, туристер қауіпсіздігі мен қолайлығы үшін бірқатар шараны іске асыру керегін атап өтті.Шатқалды қарап шыққан мамандар бұл жерге адамдар мен көліктер еркін, еш қиындықсыз келіп-кете алатынын айтып отыр. Яғни, жер рельефі ешқандай арнайы дайындықты керек етпейді. Біздің ойымызша, аталған жоба көп турист келетін ерекше табиғи орын үшін үлкен қауіп төндіреді. Бұл жерде зиян тауға емес, жазыққа тиеді. Неге десеңіз, жазықтағы топырақ көп көліктің бейберекет қозғалысынан бүлініп, шаңға айналады. Туристер қозғалысын реттеп, туристер қабылдау үшін Бозжыра тауына жақын жерде туристік нысандар мен ұйымдастырылған қозғалыс үшін кіреберіс жол қажет, - деп түсіндірді Өркен Бисақаев қоғам өкілдеріне.
Бозжыра шатқалы маңындағы нысан құрылысы қоғам назарына ұсынылып, экология тұрғысынан сараптамадан өтіп, қоршаған ортаға əсері қандай болатынын анықтау керек. Дəл қазір қонақ үй құрылысы жоспарда жоқ. Сонымен қоса ешқандай жоба мақұлданып, бекітілген жоқ,-деді Өркен Бисақаев.Бозжыра шатқалы Маңғыстау облысында жергілікті маңызы бар «Жабай Үшқан» қорығының аумағында орналасқан. «Жабай Үшқан» киелі орны Маңғыстау облысы әкімінің қаулысымен 2012 жылы құрылған. Қазір облыстағы «Қызылсай» мемлекеттік аймақтық табиғи паркінің құрамында. Қорық төлқұжатына сәйкес аумаққа туристердің кіруіне, туристерді қабылдайтын нысандар жұмысына рұқсат берілген.