Маңғыстау облысында электр қуатының шекті бағасы қымбаттайды

5 Мамыр 2023, 17:15
913
Бөлісу:
Маңғыстау облысында электр қуатының шекті бағасы қымбаттайды
Фото: Shutterstock

Энергетика министрлігі мамыр айында электр қуатын өндіруге арналған энергия өндіруші ұйымдардың шекті тарифтерін қайта қарады. Олар 2023 жылдың 1 маусымынан бастап қолданысқа енгізіледі. Бағаны өзгертуге өтінімдерді 27 энергия өндіруші ұйым берген. Оның ішінде «МАЭК» ЖШС-іде бар, деп жазады BAQ.KZ тілшісі.

Электр энергиясына шекті тарифтерді бекіту туралы «ҚР Энергетика министрінің 2018 жылғы 14 желтоқсандағы № 514 бұйрығына өзгеріс енгізу туралы» тиісті құжат 4 мамырда жарияланды.

Энергия өндіруші ұйымдарды негізгі және қосалқы жабдықтарды, ғимараттар мен құрылыстарды ауқымды жөндеу жүргізе отырып, алдағы жылыту маусымына дайындаумен байланысты уақтылы шешуді талап ететін өтінімдер назарға алынған екен. Қоғам қайраткері Лариса Перминованың айтуынша, тарифтің көтерілуі халықтың қалтасына салмақ салады. Қазіргі қымбатшылық кезде электр энергиясына артық ақы төлеу қиын.

Қазір тариф ҚҚС-пен 1 кВт/сағ үшін 19,88 теңгені құрайды, ол тек «МАЭК»-тің төлем ақысы. Одан бөлек тасымалдаушы ұйымдардың құнын қосқанда түпкілікті тариф 30 теңге. Жазда бізде желдеткішсіз тұру мүмкін емес. Бұл халыққа ауыр салмақ болады. Бағаның өсуі бәрінде байқалады. Азық-түлік күн санап қымбаттап барады. Ал халықтың жалақысы төмен деңгейде қалып отыр. «МАЭК» ЖШС халықтың есебінен қызметкерлердің жалақысын көтеруді және жаңғыртуды қалайды, ал республикалық қаражат есебінен уәде етілген жаңғырту қайда? Бұған дейін жаңғыртуға арналған қаражаттың 70% республикалық бюджеттен, 15% әкімдік қаржысынан және 15% «МАЭК»- тің өз есебінен бөлінетінін хабарлаған еді. Алайда, болып жатқан жағдайға қарағанда, барлық шығын халықтың мойнына ілінеді. Енді Маңғыстау облысында шекті тариф республика бойынша ең жоғары тарифтердің бірі болады, - дейді қоғам қайраткері.

«МАЭК» ЖШС-і тарифтердің өсуі туралы жарияланған құжат жоба және 22 мамырға дейін порталдарда жария талқылау өтетінін айтты.

Шекті тариф жобасы алдағы күзгі-қысқы кезеңге дайындықты, материалдар мен жабдықтар құнының өсуін, сондай-ақ энергия өндіруші ұйымдарға тәуелсіз, оның ішінде отын мен оны тасымалдау құнының артуына байланысты шығындарды ұлғайтуды көздейді.

Құжаттың негіздемесінде айтылғандай, Қазақстан бойынша энергия өндіруші ұйымдар үшін тауарлық газдың құнын орташа есеппен 10%-ға ұлғайту жоспарлануда.

Шекті тарифті түзету жылыту кезеңінен өтуге дайындық шеңберінде жөндеу жұмыстарының қажетті көлемін жабу үшін қажет. Қазіргі уақытта жөндеу жұмыстары тарифте көзделген көлемде ғана жүргізіледі. Бұл - тозу мен апаттылықты төмендету бойынша қойылған мақсаттарға қол жеткізу үшін талап етілетін көлемге сай емес, - делінген бұйрықта.

Министрлікте станция қызметкерлерінің жалақысын тиісті өңірлер бойынша орташа деңгейге дейін арттыру бойынша жұмыс жүргізіп жатқан көрінеді. Шекті тариф жобасында өндірістік персоналдың жалақысының ұлғаюы да ескеріледі. Бұл қадам энергетикалық кәсіпорындардан экономиканың аралас салаларынан жоғары білікті мамандардың кетуін тоқтатуға бағытталған. Табиғи монополияларды реттеу комитеті энергия өндіруші ұйымдардың шекті тарифтерін арттырудың халықтың әлеуметтік әл- ауқатына әсерін талдамақ.

Сонымен маңғыстаулықтар үшін электр энергиясының шекті тарифі қанша артады?

Маңғыстау облысының тұтынушылары үшін электр энергиясының шекті тарифі ҚҚС-сыз қосымша 3,81 теңгеге көтерілмек. «МАЭК» мекемесі өткен жылы Энергетика министрлігіне өтінім жіберіп, бағаны 66%- ға көтергісі келетіндерін хабарлаған еді. Бірақ ведмоство тарапынан бас тартылды.

2022 жылдың қыркүйегінде тарифті 1 кВт/сағ үшін 14,87 теңгеден 1 кВт/сағ үшін 18,68 теңгеге дейін немесе электр энергиясын өндіруге 24%-ға арттыруға өтінім берілді, - деп хабарлады «МАЭК» ЖШС-нің баспасөз хатшысы Саида Себепбаева.

Өзгелердің жаңалығы