Маңғыстау облысында 350 медицина қызметкері вакцинацияланды

24 Ақпан 2021, 19:28
1623
Бөлісу:
Маңғыстау облысында 350 медицина қызметкері вакцинацияланды
Фото: автордан

Ақтау, BAQ.KZ тілшісі. Шалғай өңірде медицина қызметкерлерін вакцинациялаудың екінші кезеңі жүріп жатыр. Осы күнге дейін 350 ақ халатты маман екпе алды.

Бұл туралы өңірлік қоғамдық коммуникациялар орталығында өткен брифингте облыстың санитарлық-эпидемиологиялық департаментінің басшысы Ғазиз Надуев мәлімдеді.

Спикердің сөзінше, белгіленген тәртіп бойынша ресейде өндірілген «Спутник-V» препараты арада 21 күн өткен соң адам ағзасына екінші рет салынады.

Вакцинациялау жұмыстары үшін бес аудандық және екі қалалық емханаларда 10 егу кабинеті әзірленген. Екпе салдырған адамдар бірнеше тәулік бақылауда болады.

Иммундаудан кейінгі асқынулар мен реакциялар бүгінгі таңда біздің облыста тіркелген жоқ. Әрі қарай да вакциналар алған барлық адам 3 күн бойы медициналық бақылауда болады. Өздеріңізге мәлім, осындай иммундау шараларынан соң ғана біз қазіргі уақыттағы шектеулер мен локдауннан қоғамда ұжымдық иммунитет қалыптастыру арқылы құтыламыз деп ойлаймыз, - дейді өкілетті орган басшысы.

Осы ақпан айы басталғалы бері шалғай өңірге Ақтау әуежайы арқылы 2700 ресейлік доза кезең-кезеңімен жеткізілген болатын. Жыл аяқталғанша тағы 100 мың вакцина келеді деп күтілуде. Бірінші кезекте дәрігерлер, педагогтар мен күштік құрылымдарға қарасты жеке құрам қызметкерлеріне вакцина ерікті түрде салынады.

Маңғыстау облысында 2020 жылдың 27 наурыздан бастап, 2021 жылдың 24 ақпанына дейінгі аралықта 4207 адамның коронавирус дертін жұқтырғаны тіркелді. Науқастарды көпшіліктен оқшаулау орындарындағы төсек-орын қорының жалпы көрсеткіші 22 пайызды құрайды.

Ең көп жағдай (2412) Ақтау қаласында тіркелсе, ең төменгі көрсеткіш Қарақия ауданында (115) байқалған. Жаңаөзен қаласы мен қалған бес аудан халқының (224-тен 429-ге дейін) дерт жұқтыру деректері анықталды.

Өзгелердің жаңалығы