Михаил Шайдоров Алматыда мәнерлеп сырғанаудан еліміздің үздік спортшыларын даярлау үшін тиісті жағдайдың жоқтығын айтты, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров жарыстарға жаттығуға арналған орын болмағандықтан, басқа елдердегі "мұз айдындарын" іздеуге мәжбүр екенін атап өткен еді.
Еске салайық, Михаил Шайдоров дүбірлі додаларла Алматы қаласынан шығып өнер көрсетіп жүрген еді.
Сырғанаушылардың дайындығына қатысты Алматы қаласының Спорт басқармасы пікір білдірді.
2024 жылы "Almaty Arena" және "Halyk Arena" көпфункционалды кешендері коммуналдық меншікке өтті. Нысандар берілгеннен кейін олардың пайдаланылуына кешенді аудит жүргізілді. Қазіргі уақытта мұз уақытын бөлу жүйесі кәсіби спортшыларға, оның ішінде Михаил Шайдоровқа, спорт мектептерінің тәрбиеленушілеріне, секциялар мен ұлттық құрама мүшелеріне басымдық беретіндей етіп реттелді. Мұндай тәсіл елдің болашақ чемпиондар буынын тәрбиелеуге септігін тигізеді, - деді басқарма.
Алматы қаласы әкімінің орынбасары Бейбіт Шахановпен кездесу барысында Михаил Шайдоров қабылданып жатқан шараларға алғыс білдіріп, жаттығу процесінің ұйымдастырылуы мен спорттық инфрақұрылымға қолжетімділік бойынша жүйелі жақсартуларды атап өткен.
Ұлттық құраманың дайындық жағдайын қамтамасыз ету мәселесі талқыланған кездесуде, Михаил Шайдоровтың халықаралық жиындар мен жарыстар арасындағы кезеңдерде Алматыда жүргенде "Halyk Arena" базасында жеке жаттығу өткізу мүмкіндігімен қамтамасыз ету туралы шешім қабылданды. Бұл оның туған қаласында жеке дайындығы мен спорттық формасын сақтау үшін қолайлы жағдай жасайды, - деді басқарма.