Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко Чех Республикасының Қазақстандағы Елшісі Павол Шепелякпен жұмыс кездесу өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Чехия арасындағы дәстүрлі достық қатынастарды одан әрі нығайту мәселелерінің барлық спектрі бойынша, сондай-ақ екіжақты шарттық-құқықтық базаны кеңейту туралы пікір алмасты.
Бұл ретте 2023 жылғы сәуірде Чех Республикасының Премьер-министрі Петр Фиаланың Қазақстанға ресми сапары шеңберінде және 2023 жылғы қыркүйекте БҰҰ Бас Ассамблеясының сессиясы аясында өткен ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеудің Чех Республикасының Сыртқы істер министрі Ян Липавскиймен кездесуі барысында қол жеткізілген уағдаластықтар аясында өзара тиімді көп жоспарлы ынтымақтастықты арттыруға әзірлігін білдірді.
Сауда-экономикалық және инвестициялық әріптестікті нығайту мәселелерін қарастыра отырып, дипломаттар екі ел арасындағы тауар айналымының өсу серпінін қанағаттанушылықпен атап өтті.
Өнеркәсіп, сондай-ақ әскери-техникалық және көлік-логистикалық салалардағы ынтымақтастықтың әлеуетін белгіледі. 2024 жылы мамыр айында қайта іске қосылуға жоспарланған Астана мен Прага арасында тікелей әуе рейстің ашылуын құптады.
Гуманитарлық және мәдени салалардағы өзара іс-қимыл мәселелерін қарастыра отырып, Р. Василенко Чехия Үкіметіне Пржевальский жылқыларын Қазақстанға реинтродукциялау жобасына қолдау көрсеткені үшін алғысын білдірді.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар барлық деңгейдегі сенімді диалогты жалғастыруға келісті.