Қазақстанның соңғы жаңалықтары

МӘМС жүйесінде 2026 жылдан бастап не өзгереді?

Бүгiн, 10:20
261
Бөлісу:
 pexels
Фото: pexels

2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап медициналық көмекті ұйымдастыру тәртібі мен қызмет көрсету пакеттерінде бірқатар маңызды өзгеріс енгізіледі, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Жаңа ережеге сәйкес, әлеуметтік маңызы бар аурулар бойынша тексеру, бақылау және емдеу тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі (ТМККК) аясында жүзеге асырылады. Ал созылмалы дертке шалдыққан азаматтарға көрсетілетін медициналық қызметтер міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіне ауысады. Бұл жаңашылдықтардың мән-жайын Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорында егжей-тегжейлі түсіндірді.

Аталған өзгерістер Мемлекет басшысының 2024 жылғы Жолдауында жүктелген міндеттердің бірі — бюджет мүмкіндіктеріне сай әрі халыққа қажетті медициналық қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ететін бірыңғай базалық мемлекеттік пакет қалыптастыру тапсырмасынан туындаған. Осы бағытта бір жыл бойы жүйелі жұмыс жүргізілді. Ал 2025 жылдың шілде айында Президент МӘМС пен медициналық қызмет көрсетуге қатысты бірқатар түзету мен толықтыруды қамтитын заңға қол қойды. Жаңашылдықтардың кейбірі биыл қолданысқа енсе, әлеуметтік маңызы бар және созылмалы ауруларға қатысты нормалар 2026 жылдан бастап іске асырылады.

Осы өзгерістерге байланысты тұрғындарды бірқатар сұрақ мазалайды: жаңа тәртіп олардың өміріне қалай әсер етеді, медициналық көмексіз қалу қаупі бар ма, сақтандыру мәртебесі міндетті ме?

Күдік бар ма: тексеру тегін

Ең маңызды жаңалықтардың бірі  әлеуметтік маңызы бар ауруға күдік туған жағдайда қажетті тексерулер азаматтың сақтандырылғанына немесе сақтандырылмағанына қарамастан тағайындалады. Бұған дейін мұндай мүмкіндік тек туберкулез немесе АИТВ инфекциясына күдік кезінде ғана берілетін. Ал қатерлі ісікке немесе бауыр циррозына күдік туындаса, тексерулер тек МӘМС жүйесіне қатысушыларға ғана қолжетімді еді.

2026 жылдан бастап ТМККК шеңберінде төмендегі әлеуметтік маңызы бар аурулар бойынша тексеру мен ем толық көлемде көрсетіледі:

  • туберкулез;
  • АИТВ инфекциясы;
  • қатерлі ісіктер;
  • созылмалы вирустық гепатиттер мен бауыр циррозы;
  • психикалық және мінез-құлықтық бұзылыстар;
  • сирек кездесетін (орфандық) аурулар;
  • жүйке жүйесінің дегенеративті аурулары;
  • орталық жүйке жүйесінің демиелинизациялаушы аурулары;
  • эпилепсия;
  • жедел миокард инфаркті (алғашқы алты ай);
  • инсульт (бір жыл ішінде).

Сонымен қатар, әлеуметтік маңызы бар әрі кең таралған ауруларды ерте анықтауға арналған барлық скринингтік тексерулер, оның ішінде онкологиялық скринингтер де, сақтандыру мәртебесіне қарамастан тегін жүргізіледі.

Созылмалы аурулар қамтылады

Ал диспансерлік есепте тұрған азаматтардың бірқатар созылмалы аурулары бойынша диагностика, бақылау және емдеу енді МӘМС пакетіне енгізіледі. Бұл тізімге:

  • қант диабеті;
  • балалардың церебралды сал ауруы;
  • дәнекер тіннің жүйелі аурулары;
  • ревматизм;
  • артериялық гипертония;
  • жүректің ишемиялық ауруы және басқа да жүрек дерттері;
  • төменгі тыныс жолдарының созылмалы аурулары;
  • бүйрек аурулары, соның ішінде созылмалы бүйрек жеткіліксіздігі;
  • ас қорыту жүйесінің аурулары;
  • сүйек-бұлшықет жүйесі мен дәнекер тін аурулары кіреді.

Аталған диагноздары бар пациенттер амбулаториялық және стационарлық жағдайда барлық қажетті емді, соның ішінде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді және қымбат препараттарды да ала алады.

Мәселен, Қазақстанда 1,5 миллионнан астам адам артериялық гипертония бойынша есепте тұр. Бұл — алғашқы медициналық-санитарлық көмек деңгейінде тиімді бақылауға болатын ауру. Уақтылы кардиологқа қаралып, қажетті тексерулерден (ЭКГ, Холтерлік мониторинг, тәулік бойы қан қысымын бақылау) өтіп отырған жағдайда асқынудың алдын алуға мүмкіндік бар.

Мамандардың айтуынша, созылмалы аурулардың асқынуына көбіне пациенттердің дәрігер ұсынымдарын толық сақтамауы себеп болады. Ал мұндай асқынулардың салдары ауыр: жыл сайын инсульт пен инфаркттің 50 мыңға жуық жағдайы тіркеледі. Бұл дерттерді емдеуге кететін шығын заманауи технологияларды қолдануға байланысты 7 миллион теңгеге дейін жетуі мүмкін. Ал бір ғана диализдегі науқастың жылдық шығыны орта есеппен 5 миллион теңгені құрайды.

МӘМС  күтпеген шығыннан қорған

МӘМС жүйесінің басты мақсаты  азаматтарды медициналық қызмет алу барысында кенеттен туындайтын ірі қаржылық шығындардан қорғау. Жүйеге жылына шамамен 51 мың теңге көлемінде жарна төлей отырып, адам медициналық қызметтердің толық пакетін пайдалана алады.

Сондықтан сақтандыру мәртебесін уақытында рәсімдеп, жарнаны тұрақты төлеу — денсаулықты да, қаржыны да қорғаудың тиімді жолы.

Айта кету керек, аталған диагноздары бар азаматтардың басым бөлігі жеңілдік санаттарына жатады және мемлекет есебінен сақтандырылған. Ал D және E санатындағы азаматтар келесі жылдан бастап жергілікті атқарушы органдардың қаражаты есебінен сақтандырумен қамтылады. Экономикалық тұрғыдан белсенді азаматтар да өз денсаулығына жауапкершілікпен қарап, жүйеге қатысуы тиіс.

Жалпы алғанда, енгізілген өзгерістер денсаулық сақтау жүйесін сақтандыруға негізделген қаржыландыру моделіне біртіндеп көшіруге мүмкіндік береді. Бұл  бастапқыда жоспарланған бағытпен толық үндес шешім.

Өзгелердің жаңалығы