Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Халық денсаулығын қорғау, аурудың алдын алу үшін және науқастардың емделуі қашан да маңызды. Ал ел азаматтарына көрсетілетін қызмет, жедел жәрдем, шұғыл жағдайларда көрсетілетін медициналық көмектің түрлері қандай? Осы және өзге де сұрақтарға «Шипагер» отбасылық денсаулық орталығының директоры Айжамал Төлегенова айтып берген болатын.
- Айжамал Тынарбайқызы, 2020 жылдан бастап енгізілген МӘМС жүйесі қазіргі уақытта қалай жұмыс істеуде? Бұрынғы жүйеден қандай артықшылықтары бар?
- МӘМС жүйесі қазіргі таңда жүйелі түрде толық жұмыс жасап жатыр. Халық денсаулығын қорғау, аурудың алдын алу үшін және науқастардың емделуі үшін емханалар мен ауруханаларда толық жағдай жасалған. Сондай-ақ қымбат тұратын медициналық тексерулерден өту қазіргі таңда қолжетімді, сақтандыру пакеті шеңберінде жоғары технологиялық операциялар жасауға болады.
Аурудың алдын алуға бағытталған МӘМС жүйесі ем алуда еркін таңдау жасауға мүмкіндік береді. Оның құрамына аурулардың алдын алуға бағытталған қызметтер, жедел жәрдем, шұғыл жағдайларда көрсетілетін медициналық көмек кіреді. Ем алу қолжетімді, сіз кез келген мекемеде, мемелекеттік немесе жеке клиника болсын, медициналық көмек алуға құқылысыз. МӘМС пакеті аясында дәрігердің қабылдауынан бастап, тексерілу және қымбат ота жасау, КТ, МРТ, ПЭТКТ, түрлі зертханалық зерттеулер, стоматологиялық көмек сынды медициналық қызметтер көрсетіледі. Әрбір клиника сізге жоғары білікті көмек көрсетуге мүдделі, ол дегеніміз – нақты диагностика, жақсы ем, заманауи оңалту қызметтері (реабилитация), тәжірибелі медбике күтімі, тегін және қолжетімді дәрі-дәрмектер. Барлық шығындарды клиникаларға Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры төлейтінін айта кеткім келеді.
Егер сізді емдеуден бас тартса немесе сапасыз медициналық қызмет көрсетсе емхана жанынан құрылған пациенттерді қолдау орталығы, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры сіздің мүддеңізді қорғап оң шешімін шешуге көмектеседі және қызметтік тексеру жүргізіп тез арада шешім қабылдайды.
- Дегенмен, медициналық көмек алу кезінде тұрғындар тарапынан көп сұрақтар туындайды. МӘМС жүйесінде қандай медициналық қызметтер ұсынылады?
Медициналық қызметтің екі түрі қолданылады.
Біріншісі – ТМККК бойынша. Бұл қызметтер пакетін Қазақстанның барлық азаматтары пайдалана алады: жедел жәрдем және санитарлық авиация қызметтері, әлеуметтік маңызы бар ауруға шалдыққандарға және шұғыл жағдайларда көрсетілетін медициналық көмек, профилактикалық екпелер, амбулаториялық-дәрілік қамтамасыз ету мен амбулаториялық-емханалық көмек, т.б.
Екіншісі - МӘМС бойынша. Ол: амбулаториялық-емханалық көмек, зертханалық қызмет, диагностика және манипуляция, стационарлық көмек – жоспарлы түрде ауруханада емдеу, стационар орнын басатын көмек – күндізгі стационарда ем алу, жоғары технологиялық медициналық көмек – ерекше медициналық технология қолдану, т.б.
Қазіргі таңда өз емханамызда МӘМС жүйесінде медициналық қызмет тұрғындарға кедергісіз көрсетіліп жатқанын айта кеткім келеді.
- Сіздің емханаңызда қанша тұрғын тіркелген?
- 2021 жылы біздің емханаға – «Шипагер» отбасылық денсаулық орталығына 78694 адам тіркелген. Олардың барлығы ТМККК және МӘМС аясында медициналық көмек алады.
- Балалар денсаулығы, мектеп медицинасы жолға қойылған ба?
- Елорданың оқушыларына медициналық қызмет көрсетуді жетілдіру мәселелерімен мектептерге медициналық ұйымдарды бекіту туралы Нұр-Сұлтан қаласының Білім басқармасы басшысының м.а. 2019 жылғы 4 қарашадағы № 721 және Нұр-Сұлтан қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының 2019 жылғы 5 қарашадағы №1039-ө бірлескен бұйрыққа өзгерістер енгізу туралы 2021 жылғы 31 желтоқсандағы № 847 бұйрығына сәйкес, балалар денсаулығы, мектеп медицинасы жолға қойылған. Емханаға қарасты 10 мектеп бекітілген, барлық мектептерде 4000 мыңнан астам оқушы білім алады. Әр мектепте стандартқа сәйкес баланы қарау бөлмесі, егу бөлмесі және оқшаулау бөлмелері (фильтр) жеке-жеке жабдықталған, сонымен қатар медицина қызметкерлерімен (бала дәрігері, медбике) қамтамасыз етілген. Оқушыларға күнделікті медициналық көмек қажеттілігіне, шағымдарына (бас ауыру,тамақ ауыру, әлсіздік, бас айналу, дене қызуы көтерілу) байланысты дәрігер және медбике тарапынан кеңес беріліп, көмек көрсетіледі. Сонымен қатар жоспарлы түрде, мектеп ішінде жеке мамандардың (невропатолог, окулист, лор, уролог, хирург, эндокринолог, педиатр) қатысуымен, 1-сынып пен 11-сынып арасында балалар жас ерекшеліктеріне сәйкес алдын ала тексеруден өтеді. Тексеру барысында анықталған сырқаттарына байланысты балаларға сауықтыру жұмыстарын жүргізу үшін аумақтық дәрігерлерге жолдама беріледі. Жолдама арқылы балалардың диагнозын нақты анықтау және сауықтыру МӘМС жүйесі бойынша медициналық көмек тегін көрсетіледі.
- Медициналық қызмет алу үшін алдымен қайда бару керек, одан әрі не істеу керек? Осы ретте пациенттерге бағыт-бағдар қандай?
- Ең бірінші, емханада МӘМС жүйесі бойынша медициналық көмек тегін алу үшін әр азамат тұрғылықты мекен жайына қарасты емханаға Egov арқылы тіркеліп, электронды түрде сұраныс жіберуі қажет. Сұраныс емханаға келіп түскеннен кейін аумақтық дәрігер сол мекен жайда тұратыныңызды растап, тіркеуге алады. Егер науқас ол мекен-жайда тұрмайтыны анықталса, аумақтық дәрігердің растауымен сұраныс шегеріледі. Тіркелу барысында қиындықтар туындатпау үшін және бұйрыққа сәйкес науқас бір күн ішінде тіркелуі үшін емханада арнайы жеке маман бекітілген. Азаматтар тіркелгеннен кейін емханасын және қай аумаққа карайтынын, дәрігерінің кім екенін білуі керек. Содан соң емхананың байланыс орталығына немесе тіркеу бөлімдеріне телефон арқылы хабарласып, сонымен қатар «Дамумед» қосымшасын жүктеу арқылы өзінің аумақтық дәрігеріне жазылып қабылдауға келеді (емхананың Инстаграм парақшасы мен емхана сайтынан да өз дәрігеріңіз және қарасты аумағыңыз туралы мәлімет ала аласыз). Барлық медициналық көмек аумақтық дәрігер арқылы жоспарлы түрде көрсетіледі.
Айта кетерлігі, сақтандырылған әр азамат МӘМС жүйесі бойынша медициналық көмекті тегін алуға құқылы. Бірақ әр медициналық көмекті алу үшін, оның негізгі себептері болуы керек. Сол үшін әр азамат бірінші өз аумақтық дәрігеріне барады. Пациенттің жағдайына, шағымдарына байланысты МӘМС жүйесінің тізімі арқылы барлық медициналық көмек (клиникалық-диагностикалық, лабораториялық, жеке мамандар кеңесі, жоғары сапалы көмекке кіретін ем түрлері, операциялар, т.б.) қолжетімді.
- Егер пациентке қажет медициналық көмек көрсететін дәрігер өз емханасында болмаса, соның салдарынан ем ала алмаса, пациент не істеуі, қайда баруы керек?
- Барлық медициналық емханаларда бұл жүйе жолға қойылған деп айтуға болады. Науқас тіркелген емханада қажетті медициналық қызмет болмаса, басқа медицина ұйымдарына жіберіледі. Яғни барлық емханалар өздерінде көрсетілмейтін медициналық көмектер үшін басқа емдеу мекемелерімен алдын ала келісім шарт жасап, сол жерге жолдама беру арқылы науқасқа медициналық көмек көрсетіледі. МӘМС жүйесі бойынша медициналық көмек шектелмеген.
- Көбінесе МӘМС бойынша тегін қызмет алу үшін тіркеуге тұрып, бірнеше маманның қабылдауында болу шарт. Оған уақыты мен денсаулық жағдайы жете бермейтін науқастар ақылы медицина ұйымдарына баруға мәжбүр. Осы тұста тегін медициналық қызметтерді қысқа мерзімде алу мәселесі қалай шешілуде?
- Науқас тіркеуде болмаса, ал оның жағдайы жедел медициналық көмек көрсетуді қажет ететін болса, тегін медициналық көмек алуға құқылы (тек шұғыл, жедел жағдайда). Негізі, аурулардың алдын алу және асқынуларды болдырмау үшін емханалар профилактикалық тексерулерді күшейту барысында жоспарлы түрде жұмыс жасауы қажет. Тегін медициналық қызмет алу үшін пациент өз дәрігерінің қабылдауында болып, науқасы бойынша диагнозы анықталып, ауру ағымына қарай ем тағайындалғаны дұрыс. Себебі әр науқастың консультациялық-диагностикалық қызмет алу уақыты әр түрлі болады. Зертханалық зерттеулер 1-2 күн ішінде: диагностикалық зерттеулер жоспарлы түрде жазылу арқылы - 10-15 күн аралығы, маман кеңесі – 10 күн ішінде әзірленеді.
Сонымен қатар айта кететін жайт, науқастар тарапынан өз денсаулығына дұрыс қарау бағытында жұмыс жасап, емханалар жанында ашылған салауатты өмір салты мектеп мамандарынан кеңес алып, бірге жұмыс жасап, ауырмау жолдарын қарастырса, алдын алу арқылы, мысалы жүйке жүйесі, жүрек-қантамыр аурулары, эндокринді жүйе, тыныс алу ауруларының азаюына ықпал етіп және тегін медициналық қызметтерді қысқа мерзімде алу мәселесі шешімін табар еді.
Біздің емханаға қарасты науқастарға жеке мамандар кеңесі және диагностикалық зерттеулер бір жерде көрсетіледі. Клиникалық-диагностикалық бөлімде жоспарлы түрде кесте бойынша алдын ала жазылып, әр маманға және диагностикалық зерттеу түрлеріне (окулист, невропатолог, хирург, травматолог, ортопед, аллерголог, тамыр хирургі, кардиолог, эндокринолог, онколог, маммолог,г инеколог, акушер-гинеколог, реабилитолог, УДЗ барлық түрі, Холтер, СМАД, ЭКГ, күндізгі емхана балалар мен ересектер үшін) жоғары сапалы көмекке кіретін ем түрлеріне, зерттеулерге, операцияларға жоспарлы түрде жолдама арқылы медициналық орталықтарға жіберіледі.
- Коронавирус инфекциясымен ауырғаннан кейін оңалтудан өткім келеді. Ол үшін не істеуім керек?
- Коронавирус инфекциясымен ауырғаннан кейінгі оңалту кезеңінде науқастың жағдайына байланысты, қажеттілігіне қарай емханалардың күндізгі бөлімдерінде жоспарлы оңалту емі тағайындалады немесе үй жағдайында жасауға кеңес беріледі. Біздің емханамызда коронавирус ауруына шалдыққан науқастарды бақылау бағытында ауру тіркелгеннен бастап емханамыздың мобильді бригадалары арқылы қызмет көрсетіліп, әрі қарай науқастың жағдайына байланысты ем тағайындалып, тексерулер жасалып (ПЦР, зертханалық тексеру, рентген және компюьтерлік тексеру) қорытындысынан кейін, емханаішілік құрылған қашықтан бақылау тобына беріліп, науқас 14 күнге дейін дәрігерлердің бақылауында болады. Ауруханадан коронавируспен ауырып шыққан науқастарды бақылау барысында емхана жанынан Астана медицина университеті кафедрасының мамандарымен бірлесіп «Ковидтен кейінгі сауықтыру орталығын» ашып қазіргі таңда 1117 науқастарға сауықтыру жұмыстары және оңалту (реабилитация) емшаралары жүргізілді және әлде де жүргізіле береді.
- Тегін берілетін дәрі-дәрмектер тізімімен қайдан танысуға болады?
- Дәрі-дәрмектер туралы ақпараттар барлық емханаларда хабарлама тақталарында көрсетілген және сайт, инстаграм желілеріне жүктелген.
Амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету осы жылдың 4 қыркүйегінен бастап, ҚР Денсаулық сақтау министрінің 2021 жылғы 5 тамыздағы № ҚР ДСМ-75 «Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде дәрілік заттармен және медициналық бұйымдармен қамтамасыз етілуге, оның ішінде белгілі бір аурулары (жай-күйі) бар азаматтардың жекелеген санаттарын, амбулаториялық деңгейде тегін және (немесе) жеңілдікпен берілетін дәрілік заттардың, медициналық бұйымдардың және мамандандырылған емдік өнімдердің тізбесін бекіту туралы» бұйрығына сәйкес жүзеге асырылады.
Бұған дейін ҚР Денсаулық сақтау министрінің 2017 жылғы 29 тамыздағы № 666 «Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде дәрілік заттармен және медициналық бұйымдармен қамтамасыз етілуге, оның ішінде белгілі бір аурулары (жай-күйі) бар азаматтардың жекелеген санаттарын, амбулаториялық деңгейде тегін және (немесе) жеңілдікпен берілетін дәрілік заттардың, медициналық бұйымдардың және мамандандырылған емдік өнімдердің тізбесін бекіту туралы» бұйрығына сәйкес жүргізілді.
- Медициналық ұйымдарда пациенттің сақтандыру мәртебесі қалай тексеріледі?
- Медициналық ақпарат жүйесіне (КМИС) ЖСН жазу арқылы сақтандыру мартебесін тексеруге болады.
- МӘМС жүйесінде пациенттің ақылы қызметке жұмсаған шығындары қайтарыла ма?
- Емханада пациенттерді қолдау қызметінің мамандары міндетті түрде науқастармен тығыз байланыста болып, МӘМС жүйесінде қызмет көрсетілмеген жағдайда қызметтік тексеру жүргізіп, себептерін анықтап шешу жолдарын ұсынады. Егер дәрігер тарапынан кеңес дұрыс тағайындалмай, науқас ақылы түрде қызметке жүгінген болса, бұл жағдай пациенттерді қолдау қызметі тарапынан зерттеліп-зерделеніп, талқыланып, шешім қабылданады. Біздің емханамыздағы Пациенттерді қолдау қызметінде бөлім меңгерушісі мен 4 дәрігер-эсарапшы маман жұмыс жасайды. Науқастардың тез арада хабарласуы үшін пациенттерді қолдау бөлімінде 87710507047 номері және ватсап үздіксіз жұмыс жасайды.
- Сұхбатыңызға рахмет!