МӘМС-ке артық төленген ақшаны қайтарып алуға болады

27 Қаңтар 2025, 15:37
1268
Бөлісу:
МӘМС-ке артық төленген ақшаны қайтарып алуға болады
Фото: Артём Чурсинов - архив

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіне артық төленген жарналарды қайтаруға азаматтардың құқығы бар. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Мәжілісте өткен Үкімет сағатында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров министрден екі немесе үш жерде жұмыс істейтін адамдардың МӘМС жарна төлеу тәртібі туралы сұраған еді.

Егер азамат бірнеше жерде жұмыс істесе, жарна барлық жұмысынан төленеді. Бірақ ол бір жыл ішінде емханаға мүлде жүгінбесе, ақшасы пайдаланылмай қалады. Бұл әділетсіз. Әрбір азаматқа өз жарналарын бақылау, басқару және қандай медициналық қызметтерді пайдалана алатынын білу құқы берілуі керек. Бұл қаражатты қажет болған жағдайда өз ақшасы ретінде пайдалануға мүмкіндік берілуі қажет, - деді депутат.

Денсаулық министрі Ақмарал Әлназарованың айтуынша, сақтандырылған азаматтар қайткен күнде де медициналық қызметті тегін алуға құқылы. Алайда бірнеше жерде жұмыс істейтін адамдардың барлық жұмысынан жарна төленгенімен, оның көлемі белгіленген шектен аспауы тиіс.

Егер бірнеше жерде жұмыс істейтін азаматтардың жалпы жарнасы 850 мың теңгеден (10 еселенген ең төменгі жалақы мөлшері) асып кетсе, олар артық төленген соманы қайтарып ала алады. Ол үшін МӘМС-тің жергілікті филиалына өтініш беру жеткілікті, - ведомство басшысы.

Бұл шара азаматтардың жарна төлеу әділдігін қамтамасыз етуге және артық төлемдерді бақылауға мүмкіндік береді.

Бұған дейін МӘМС жарналарын адамдардың өздері басқару керектігі туралы айтылды. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры Денсаулық сақтау министрлігінің банкіне айналып кетті деген пікір де айтылды. Мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлы МӘМС жүйесін уақытша тоқтата тұруды ұсынды. Ал Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесін тоқтату туралы ұсынысты популизм деп санайды.

Өзгелердің жаңалығы