Елімізде медициналық сақтандыру жарнасын төлемеген әрі мемлекеттік емханада тіркеуде жоқ азаматтардың не істеу керектігі белгілі болды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
ӘМСҚ жарна төлемеген, әрі мемлекеттік емханада тіркеуде жоқ тұрғын тіркеуге тұрса, жүйе іске қосылғаны бергі жарнаның бәрін төлеуге міндеттеле ме?
Егер адам жұмыс істемесе, жеке кәсіпкер болмаса, ешбір жеңілдік санатына жатпаса, бірақ МӘМС жүйесінде медициналық қызмет алғысы келсе, онда ол "сақтандырылған" мәртебесін алу үшін заңның 5-бабының 3 және 4-тармақтарына сәйкес, өткен 12 ай үшін дербес төлеуші ретінде жарна төлеуі немесе алдағы 12 айға МӘМС жарналарын алдын ала төлеуі қажет, - деп жауап берді Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры редакцияның ресми сауалына.
"Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы" Қазақстан Республикасы заңының 4-бабының 1), 2) және 3) тармақшаларына сәйкес, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру келесі қағидаттарға негізделеді:
- Қазақстан Республикасының міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы заңнамасын сақтау және орындау;
- аударымдар мен (немесе) жарналарды төлеудің міндеттілігі;
- мемлекет, жұмыс беруші және азаматтардың ортақ жауапкершілігі.
Осылайша, заңға сәйкес, МӘМС жүйесіне жарна төлеу – әрбір азаматтың міндеті болып саналады.
Еске салайық, бұған дейін "Мемлекет денсаулық сақтау саласына қаржы аударуды қысқартуы мүмкін бе?" деген мәселені жазған болатынбыз.