МӘМС: елорда ауруханасында миокард инфаркт алған екі науқасқа коронарлық стент қойылды

13 Желтоқсан 2023, 15:20
479
Бөлісу:
МӘМС: елорда ауруханасында миокард инфаркт алған екі науқасқа коронарлық стент қойылды
Фото: BAQ.KZ - Архив

Елордада, №2 Көпбейінді қалалық ауруханада дәрігерлер коронарлық стент имплантациялау кезінде алғаш рет Қазақстанда жасалған стентті қолдана бастады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Астана қаласы бойынша филиалының мәлімдеуінше, жақында екі науқасқа отандық стент қойылған.

Жүрегіне отандық стент қойылған науқастың бірі – Айша Кәрібайқызы 68 жаста. Ол өте ауыр жағдайда жансақтау бөліміне түскен. Онда 5 күн жатқан. №2 Көпбейінді қалалық аурухана дәрігерлерінің арқасында түзеліп, науқастың жүрегіне бірінші рет стент орнатылған. Енді емін палатада жалғастыруда.

Маған жаңа, Қазақстанда жасалған стент қойды. Ешқандай ақы төлегем жоқ, бәрі МӘМС бойынша. Қазір жағдайым жақсы. Бәріне алғысым шексіз, - дейді  68 жастағы астаналық ана.

Стент – қан ағымын қалпына келтіретін кішкене түтік. Қан айналымын қамтамасыз ету үшін зақымдалған қан тамырына енгізіледі.

Біздің аурухана жағдайында Қазақстанда алғаш рет миокард инфаркт болған екі пациентке елімізде жасалған коронарлық стент орнатылды. Айта кету керек, бұл стент сапасы жағынан, өтімділігі жағынан шетелдік брендтерден кем түспейді. Сондай-ақ, үлкен сызығы бар, бұл стенттердің мөлшері бойынша біз үшін маңызды. Алдағы уақытта отандық стент жасау өндірісі артады деген үміттеміз. Операциялардың барлығы ТМККК аясында, сондай-ақ МӘМС жүйесі бойынша науқастарға тегін жасалады, - деп түсіндірді Астанадағы №2 Көпбейінді қалалық аурухананың интервенциялық кардиология және аритмология бөлімінің меңгерушісі Темірбек Бақтиярұлы Жанпаизов.

Коронарлық тамырларды стенттеу аз инвазивті әдіспен емдеу түріне жатады. Қан тамырларының тарылған аймағын кеңейтетін құрылғы орнатылады.

Ауруханаға түсем дегенше, жағдайым нашарлап қалды. Бұрын да жүрегіме 2-3 рет стент қойылған болатын. Бұл жолы Қазақстандық стент қойдық деді дәрігерлер. Еш айырмашылығын сезбедім. Қазір жақсымын,-  дейді жүрегіне отандық стент қойылған екінші науқас Кәрім Жанаспаев.

Айта кетейік, 2023 жылдың басынан Астана қаласында МӘМС есебінен 23 млрдтеңгеден астам сомаға жоғары технологиялық медициналық қызметтер бойынша 14 000-нан аса ота жасалды. Мысалы, 2023 жылдың 10 айының қорытындысына сүйенсек, Астана қаласы бойынша 10,3 млрд. теңге сомасына 1568 кардиохирургиялық операция жасалған.

Өзгелердің жаңалығы