Денсаулық сақтау министрлігі міндетті медициналық сақтандыру бойынша ең жоғары жарнаны бес есе арттыру мүмкіндігін қарастырып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл процедура жалақысы 850 мың теңгеден асатын қызметкерлерге қатысты болады.
24 қаңтарда «Ашық НҚА» порталында жария талқылау үшін «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» жоба жарияланды.
Ол МӘМС аударымдарын есептеу үшін қабылданатын ай сайынғы табыстың жоғарғы шегін 2025 жылдан бастап 10 ең төменгі жалақыдан 50 ең төменгі жалақыға дейін арттыруды көздейді.
Бұл ұсыныс халықаралық тәжірибені ескере отырып әрі МӘМС жүйесін ары қарай жетілдіру мақсатында әзірленді. ӘМСҚ сарапшылары есептегендей, өзгеріс қабылданған жағдайда, қазіргі уақытта ай сайынғы табысы 850 мың теңгеден асатын жалдамалы қызметкерлердің тек 9%-ына ғана әсер етеді (2025 жылы 10 ең төменгі жалақы мөлшеріне тең болады). Яғни, шекті жоғарылату төлеушілердің 91%-ына әсер етпейді, - делінген хабарламада.
Сонымен қатар бұл қадам медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға, оның сапасын жақсартуға ғана емес, сондай-ақ әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің ортақ жауапкершілігі қағидатын сақтауға мүмкіндік береді.
Жобаны талқылау 2024 жылдың 7 ақпанына дейін жалғасады.