Маминнің есебі мен уәдесі. Есеп комитетінің Үкіметті сынға алуы

22 Маусым 2021, 15:31
2480
Бөлісу:
Маминнің есебі мен уәдесі. Есеп комитетінің Үкіметті сынға алуы

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. 21 маусымда Парламенттің бірлескен отырысында Асқар Мамин басқаратын Үкімет пен Есеп комитетінің 2020 жылғы есебі тыңдалды.

Мамин айтқан негізгі тезистер

Премьер-министр 2020 жылы Қазақстан экономикасының төмендеуін 2,6 пайызға дейін, ал негізгі капиталға инвестициялардың азаюын 3,4 пайызға шектеуге мүмкіндік болды деп отыр. Сонымен қатар күрделі жағдайға қарамастан, жылдық инфляцияның 7,5 пайыз, жұмыссыздық 4,9 пайыз деңгейінде болуын қамтамасыз еттік деді.

Бұл көрсеткіштер жалпы әлемдік көрсеткіштерге қарағанда айтарлықтай жақсы. Халықаралық резервтер 4 пайызға өсіп, 94,3 млрд долларды құрады. Ал алтын-валюта резервтері 23,1 пайызға өсіп, 35,6 млрд доллар болды. Ұлттық қордың шетелдік валютадағы активтері 58,7 млрд долларды құрап отыр, - дейді Мамин.
Ол енді биыл қазақстандықтардың нақты табысы 5 пайызға артады дегенді айтты. Үкімет экономика өсімін 3,5-4,0 пайыз деңгейінде қамтамасыз ету және 1,2 млн адамды жұмыспен қамту шараларын іске асыруға кірісіп кетіпті. Сол кезде халықтың нақты табысын 5 пайызға арттыруға мүмкіндік болады екен.
17 млн шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру, 200 мектеп салу және 30 медпункт ашу, 6 мың шақырым автожол жөндеу және салу, халықты ауызсумен қалада – 98 пайыз және ауылда – 91,8 пайыз қамтамасыз ету жоспарланған. Агроөнеркәсіптік кешеннің әлеуетін пайдалану үшін 1 050 шақырым каналды жөндеу жоспарда бар. Бұл суарылатын жерлерді 78 мың гектарға ұлғайтуға мүмкіндік береді, - дейді Үкімет басшысы.

Сонымен қатар экономикада мынандай оң өзгерістер бар:

- Өңдеуші сала 3,9 пайызға өсті;

- 2004 жылдан бері алғаш рет жалпы ішкі өнімдегі өңдеуші өнеркәсіптің үлесі тау-кен өндіру өнеркәсібі үлесінен асып түсті;

- Фармацевтика саласы қарқынды өсім көрсетіп, 47 пайызға артты;

- Машина жасау 16 пайызға өсті;

- Елімізде тұрғын үй пайдалануға беру 16,8 пайызға артып, 15,3 млн шаршы метрді құрады.

Биыл Қазақстан экономикасы белсенді түрде қалпына келіп жатыр. Бес айдың қорытындысы бойынша жалпы ішкі өнімнің өсімі 1,6%-ды құрады. Экономиканың барлық саласында оң өсім байқалып отыр, - дейді Мамин.
Ол сонымен қатар азық-түлік қауіпсіздігі деңгейін арттыру жұмысы белсенді жүріп жатқанын еске салды. 29 негізгі азық-түлік тауарының 11-і - 100 пайыздан аса қамтамасыз етілген, ал 12 тауар бойынша – 80 пайыздан артық екен. 6 тауар бойынша импортқа тәуелділік бар. Оны азайту үшін азық-түлік тауарлары өндірісін ұлғайту бойынша кешенді жоспар құрылды деп мәлімдеді.

Премьер-министрдің дерегіне сүйенсек, биыл 35 сүт-тауарлы ферманы, 2 200 гектар бау-бақша, 2 ет комбинатын, 5 құс фабрикасын, 4 балық өндірісі объектісін іске қосу жоспарланған. Сонымен қатар 2022-2023 жылдары тағы 70 сүт-тауарлы фермасын, 4 400 гектар бау-бақша, 4 ет комбинатын, 6 құс фабрикасын, 4 балық өндірісі объектісін және бір қант зауытын іске қосуға алғышарт жасалыпты.

Есеп комитеті мен Қаржы министрлігі арасындағы текетірес

Өткен аптада Мәжілістің отырысында Есеп комитеті мен депутаттар Қаржы министрлігін сынға алған болатын. Сосын арада 2 күн өткенде министрлік баспасөз релизін таратып, өздерін ақтауға тырысқан болатын. Бұл жағдай Есеп комитетіне ұнамай қалыпты.

Ол елімізде бюджет қаржысын игеруге қатысты мәселе барын, ал Үкімет өзін БАҚ арқылы ақтап алғысы келетінін айтты.


Министрлік өзін ақтауға тырысқанымен, салықтық тексерулердің нәтижелілігін арттыру, кедендік статистикадағы алшақтықты азайтуға қатысты өзгеріс көріп отырған жоқпыз. Қазір Премьер-министрдің баяндамасына қатысты пікір білдіргім келмейді. Себебі, аталған мәселе есеп комитеті және  Парламент отырысында талқыға салынған. Бірақ уәкілетті орган аудитке де, Мәжіліс пен Сенат комитетінің отырысы мен жұмыс тобында бұл мәселені түсіндіре алған жоқ. Алайда Үкімет өзін БАҚ арқылы ақтағысы келеді, - деді Есеп комитетінің төрайымы Наталья Годунова.

Ол бұл мәселе өте күрделі екенін, оқырмандар кейбір кәсіби жағдайларды түсіне бермейтінін министрлік өздеріне тиімді пайдалануға тырысқанын атап өтті.

Қалай десек те, бұл салада кемшіліктер мен бұзушылықтар әлі де бар. Заңға сәйкес, олардың барлығы аудиторлық дәлелмен расталды. Ашықтықты, есеп беруді арттыру және мемлекет тарапынан көмек көрсету тетіктерін қайта қарау арқылы бюджеттік саясатты реформалау керек. Атап айтқанда, тиімсіз салық жеңілдіктерін жою және оларды жүйелеу, көлеңкелі экономикаға және салық төлеуден жалтаруға қарсы дәйекті күрес арқылы салық базасын кеңейту бойынша шаралар қабылдауы тиіс, - деді Есеп комитетінің төрайымы.
Годунова айтқан келесі мәлімет, былтырғы жылы 570 млрд теңге бюджет қаражаты тиімсіз жұмсалған. 
Бюджеттің орындалу тиімділігі жөнінде игеру әлі де жалғасып жатыр.Мысалы, 2020 жылы бөлініп, тиімсіз пайдаланылған бюджет қаражатының сомасы 570 млрд теңгені құрады. Бұған республикалық бюджетке қаражатты қайтару да, қолма-қол ақшаны бақылау шоттарындағы қаражат қалдықтары да кіреді. Сондай-ақ барлық мемлекеттік аудит органдары, соның ішінде дағдарысқа қарсы ресурстардың жұмсалуы бойынша анықтаған бұзушылықтар да бар, - дейді Годунова.

Ол сондықтан  әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске өзгерістер енгізу кезінде мемлекеттік ресурстарды тиімсіз пайдаланғаны үшін лауазымды адамдардың жауаптылығын күшейту жөніндегі бастаған жұмысты жалғастыру өте маңызды деп отыр.

Есеп комитетінің төрайымы осы ретте сыртқы қарыздарды тиімсіз пайдаланғаны үшін жеке жауапкершілікті енгізуді ұсынды. Яғни сыртқы қарыздарды қисынсыз тартқаны және пайдаланғаны, сондай-ақ олардың уақтылы игерілмегендігі, кейде жойылғандығы үшін жеке жауапкершілікті күшейту керек деп санайды.
Қарызды қашан, қандай көздерден және қандай көлемде өтеу жоспарланып отырғаны айқын көрсетілуге тиіс. Және бір-үш жылға ғана емес, кемінде 10 жылға жоспар жасалуы қажет. Бұл мәселеде ашықтық керек, - дейді ол.

«Ұлттық қор туралы ойламау – елдің болашағы туралы ойламаумен бірдей»


Отырыста баяндама жасаған Мәжіліс депутаты Аманжан Жамалов Үкіметке болашақта, ұлттық қорсыз тек борыштары ғана қалуы мүмкін екенін түсінетін уақыт келді. Сондықтан бүгін Ұлттық қор туралы ойламау, ол елдің болашағы туралы ойламаумен бірдей екенін ескертті.

2020 жылы COVID-19 індетіне қарсы күреске 6,9 трлн теңге, оның ішінде республикалық бюджеттен 3,5 трлн теңге бөлінген. Бұл сомалар қалай игерілді? Есеп комитетінің деректері бойынша оларды игеру кезінде көптеген заң бұзушылыққа жол берілген, - деді Жамалов.
Ал Сенат депутаты Ольга Перепечина Ұлттық қор жинақтау режимінен тұтыну режиміне ауысып кетті деп айтты. Оның айтуынша, республикалық бюджеттің кірісінде жыл сайын Ұлттық қор трансферттерінің үлесі өсіп барады. 2020 жылы ол 40 пайызды құраған.

Сөйтіп, Үкіметтің және Есеп комитетінің 2020 жылға арналған республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептері қабылданды.

Өзгелердің жаңалығы