Мамин үш жылда ауыл шаруашылығы өнімдері экспортын 2,5 есе арттыруды тапсырды

2 Сәуір 2019, 12:49
1733
Бөлісу:
Мамин үш жылда ауыл шаруашылығы өнімдері экспортын 2,5 есе арттыруды тапсырды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин Үкімет отырысында агроөнеркәсіп саласын дамыту бағдарламасын іске асыру аясында өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын 2022 жылға дейін кем дегенде 2,5 есе арттыру міндеті тұрғанын айтты. 

«Осыған орай ветеринарлық және фитосанитарлық қауіпсіздік талаптарының сақталуын қамтамасыз ету қажет. 2017 жылы Қазақстанның барлық өңірі аусылдан таза аймақ мәртебесін алды. Осының арқасында Иран, Араб Әмірліктеріне, Сауд Арабиясына мал шарушалығы өнімдерін экспорттауға шектеулер алынды. Тисті шарттар келісілді. Қазіргі таңда Израиль, Қытай, Оңтүстік Корея және басқа да елдермен осы бағыттта келіссөздер жүргізілуде», - деп айтты Мамин Үкімет отырысында. 

Премьер-министр 2019 жылы наурызда Қазақстанның фитосанитарлық қызметі 30 мың кәсіпорынды тексеріп, олар Қытайға бидай өнімін экспорттаушылар тізіміне енгізілгенін атап өтті. 

«Ветеринарлық және фитосанитарлық кедергілерді алу және өткізу нарықтарын кеңейту бойынша жұмысты жалғастыру қажет. Қазақстанның жоғары сапалы және экологиялық таза өніммен қамтамасыз ететін сенімді көзге айналуға барлық әлеуеті бар деп айтуға болады», - деді Үкімет басшысы.

Мамин Ауыл шаруашылығы министрлігіне әкімдіктермен бірге тұрақты эпизоотиялық ахуалды қамтамасыз ету, мал қорымы орындарын ветеринарлық-санитарлық талаптарға сәйкестендіру, егіс алқаптарын зиянкестерге қарсы өңдеу шараларын уақытылы қабылдау, тиімді ветеринарлық және фитосанитарлық бақылауды қамтамасыз ету секілді бірқатар мәселеге ерекше назар аударып, нақты шараларды қолға алулары қажет екенін ескертті. 

«Бұл ретте, Еуразиялық экономикалық одақ мемлекеттерімен өзара саудаға қатысты жасалған келісімдер аясында тиісті рәсімдерді жүргізу қажет. Аталып өткен іс-шаралар өнеркәсіп саласын дамыту бағдарламасында қарастырылған және оларды қамтамасыз ету керек», - деп сөзін түйіндеді Премьер-министр.
 

Өзгелердің жаңалығы