Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР премьер-министрі Асқар Мамин Атырау облысына жұмыс сапары аясында Қазақстан Республикасында балық шаруашылығын дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізді.
Бұл туралы премьер-министрдің баспасөз қызметі хабарлады.
ҚР балық шаруашылығын дамытудың жай-күйі мен перспективалары туралы экология, геология және табиғи ресурстар министрі М. Мырзағалиев пен "Балық шаруашылығы қауымдастығы – BD" ЗТБ атқарушы директоры Н. Жұмағалиұлы, өңірлердегі балық шаруашылығының проблемалық мәселелері туралы Атырау, Шығыс Қазақстан, Қызылорда, Түркістан облыстарының балық бизнесінің өкілдері, ҚР-да балық шаруашылығын дамыту туралы ресейлік профессор А. Литвиненко мен ҚР Парламенті Сенатының депутаты С. Еңсегенов баяндады.
Қазақстанның балық және балық өнімдері нарығының жалпы көлемі шамамен 66 мың тоннаны құрайды, оның 45 мың тоннасы балық аулау кәсібіне, 7,4 мың тоннасы балық шаруашылығына тиесілі. Сонымен қатар 30 мың тоннасы экспортқа шығарылса, 43,5 мың тонна өнім импортталады.
Орта мерзімді перспективада отандық нарық көлемін 120 мың тоннаға дейін ұлғайту әлеуеті бар, бұл алабалық пен Атлант ақсеркесін өсуінің арқасында импорт көлемін төмендетуге мүмкіндік береді, сонымен қоса әлемдік нарықтарға, атап айтқанда, Қытайға, Ресейге және Еуропаға экспорт көлемін арттырады.
ҚР-да кәсіпшілік балық аулаумен балық шаруашылығының 1 мыңнан астам субъектісі айналысады, оларға 1646 балық шаруашылығы су айдындары мен олардың учаскелері бекітілген. Аталған салада 11 мың адам жұмыс істейді.
Балық аулау негізінен Каспий және Арал теңіздерінде, Балқаш және Зайсан көлдерінде, Бұқтырма, Қапшағай және Шардара су қоймаларында, Алакөл көлдер жүйесінде, Жайық және Қиғаш өзендерінде қолға алынған. Негізгі кәсіптік өңірлер — Атырау – 13,1 мың тонна (29,2%), Шығыс Қазақстан – 8,2 мың тонна (18,3%), Қызылорда – 7,4 мың тонна (16,4%), Алматы – 6,6 мың тонна (14,6%), Маңғыстау – 2,3 мың тонна (5,2%) және Түркістан облыстары – 2 мың тонна (4,5%).
Қазақстанда балық шаруашылығы қарқынды дамуда — соңғы 7 жылда өсірілген балық көлемі 9 есе 800 тоннадан 7 мың тоннаға дейін артты. Елімізде балық өсірумен 180 балық шаруашылығы айналысады, оларда 1 мыңнан аса адам жұмыспен қамтылған.
Үкімет басшысы елімізде балық шаруашылығын дамыту үшін жүйелі шаралары қабылдау қажеттігін атап өтіп, биыл 1 сәуірге қарай ҚР Балық шаруашылығын дамыту тұжырымдамасының жобасын дайындауды тапсырды.
Өзендердің суы қорғалатын аймақтарында жұмыс істеуге балық шаруашылықтарына тыйым салуды алып тастау, сондай-ақ балық шаруашылығы субъектілерінің су ресурстарын пайдаланғаны үшін жасайтын төлемдерін қысқартып, тек нақты су шығындары үшін төлемдерді қалдыру мәселесін қарастыру қажет. Төлем мөлшерлемесін азайтуды қоса алғанда, балық ресурстарын пайдаланғаны үшін төлем жасау тетігін жетілдіру керек, — деді А. Мамин.
Премьер-министр балық өнімдерін бақылау ақпараттық жүйесін әзірлеуді және енгізуді тапсырды.
Бір ай ішінде Каспий теңізінде және Жайық өзенінде балық аулау мерзімдерін ұзарту, сондай-ақ түнгі уақытта балық аулауға рұқсат ету бойынша ұсыныстарды әзірлеу қажет. Балық шаруашылығы субъектілерін мемлекеттік қолдау шараларын арттыру және балық шаруашылығын экономиканың басымдықты салаларының қатарына жатқызу керек, — деді А. Мамин.
Үкімет басшысы балық шаруашылығы мелиорациясын тұрақты жүргізу мақсатында су түбін тереңдету техникасын сатып алу мәселесін қарастыруды, сондай-ақ балық өсіру зауыттары мен балық шаруашылығының аумақтық инспекцияларын материалдық-техникалық жарақтандыруды қаржыландыру туралы ұсыныстар әзірлеуді тапсырды.
А. Мамин жұмыс сапары аясында Атырау бекіре балық өсіру зауыты мен өңірдегі басқа да бірқатар салалық кәсіпорындарды аралады, сондай-ақ Қазақстанның балық шаруашылығы жетістіктерінің көрмесін аралап көрді.