Мамин депутаттың өртке қатысты қойған сауалына жауап берді

26 Наурыз 2021, 14:43
1464
Бөлісу:
Мамин депутаттың өртке қатысты қойған сауалына жауап берді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Премьер-министр Асқар Мамин Парламент Мәжілісінің депутаты Фахриддин Қаратаевтың сауалына ресми жауап берді. 

Еске сала кетсек, Мәжілістің жалпы отырысында депутат Фахриддин Қаратаев Үкімет басшысына елде өрт салдарынан орын алған қайғылы оқиғаларға қатысты сауал жолдаған болатын.

Үкімет басшысының айтуынша, халықаралық тәжірибені ескере отырып, 2018 жылы Төтенше жағдайлар министрлігінің бастамасы бойынша Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті «Бір пәтерлі тұрғын үйлерді және олардың инженерлік жүйелерін жобалау» ҚР ҚН 3.02-02-2018 құрылыс нормаларына жеке тұрғын үйлерді дербес түтін өрт датчиктерімен жабдықтау бойынша талап енгізді.

Пәтерлерде адамдардың жаппай қаза табуына байланысты Төтенше жағдайлар министрлігі осы жағдайға және көппәтерлі тұрғын үйлерге қойылатын талаптарға талдау жүргізді. Талдау нәтижелері бойынша ТЖМ қабаттылығына қарамастан, жаңадан жобаланатын көппәтерлі тұрғын үйлерді автоматты өрт дабылы жүйелерімен, сондай-ақ улы газ концентрациясының рұқсат етілген деңгейінен асқан кезде газ беруді автоматты түрде тоқтататын газдануды бақылау жүйелерімен жарақтандыру бойынша, дыбыстық сигналы бар түтін хабарлағыштарымен міндетті жабдықтау бөлігінде түзетулер дайындады, - делінген жауапта.

Қазір ТЖМ ИИДМ Құрылыс істері комитетімен бірлесіп, құрылыс нормаларына осы түзетулерді енгізу мәселесін пысықтап жатыр.

Сонымен қатар жергілікті атқарушы органдар халықтың осал топтарының тұрғын үйлерін датчиктермен өтеусіз негізде жарақтандыру жұмысын азаматтық қорғау, әлеуметтік қорғау, білім беру және полиция органдарын тарта отырып жүргізуде.

2019 жылдан бері 100 мыңнан астам датчик орнатылды, олардың дер кезінде іске қосылуының арқасында 70 адам аман қалды. ТЖМ ақпаратына сәйкес 2020-2021 жылдары жылыту кезеңінде әлеуметтік жағынан осал азаматтардың үйлерінде өрт (35,4 есе) және қаза болғандар саны (38 есе) азайғаны байқалды (2019-2020 жж. – 354 өрт, 38 адам қаза болған, 2020-2021 жж. – 10 өрт 1 адам қаза болған). Бұл бағаттағы жұмысты өңірлердің әкімдіктері жалғастыруда, - деді Мамин.

Сондай-ақ Үкімет басшысы Жамбыл, Қызылорда және Солтүстік Қазақстан облыстарында орын алған төтенше жағдайларға жүргізілген тергеу нәтижелері бойынша кінәлі лауазымды адамдарды жауапкершілікке тарту мәселесіне тоқталды.

Петропавл қаласында тұрмыстық газдың жарылуы, сондай-ақ Жамбыл облысының Жаңатас қаласында және Қызылорда қаласында өрт шығу фактілері бойынша Ішкі істер министрлігі қылмыстық іс қозғады, тиісті сараптамалар тағайындалды. Бұл ретте Жамбыл облысы Жаңатас қаласындағы өрт бойынша Жамбыл облысы Төтенше жағдайлар департаментінің өрттерді зерттеу жөніндегі маманының алдын ала қорытындысына сәйкес өрттің техникалық себебі ашық оттың жанғыш материалдарға таралуынан болған, өрт пәтердегі балалар бөлмесінен шыққан. Бұл балалардың отпен ойнауының салдары болуы мүмкін, - деді Премьер-министр.

Тергеу іс-қимылдары аяқталғаннан кейін тиісті лауазымды адамдардың іс-әрекеттеріне баға беріледі және олардың жауапкершілігі анықталады.

Маминнің айтуынша, өрттер бойынша қылмыстық істерді тергеу барысы Ішкі істер министрлігінің ерекше бақылауына тұр.

Азаматтық қорғау органдары жыл сайын өрттерді, газ баллондарының жарылыстарын, тұрғын үй секторында адамдардың қаза болуы мен жарақаттануын азайтуға бағытталған профилактикалық іс-шаралар кешенін іске асыруда.

Осы жылғы жылыту кезеңінде 2 млн-нан астам үй тексерілді, шамамен 4 млн азаматқа нұсқау берілді.

Аралау барысында 476 мыңнан астам жеке тұрғын үйде 661 мыңнан астам өрт қауіпсіздігі талаптарының бұзылуы анықталды, 246 мыңнан астамы аралау барысында жойылды.

Мамин тұрғын үй секторында өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі уәкілетті мемлекеттік органдардың тұрақты бақылауында тұрғанын айтты.

Өзгелердің жаңалығы