Мамин Дана Нұржігіттің сауалына жауап берді

1 Сәуір 2021, 12:46
2125
Бөлісу:
Мамин Дана Нұржігіттің сауалына жауап берді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Сенаттың жалпы отырысында депутат Дана Нұржігіт Үкімет басшысы Асқар Маминге отандық телевизиялық контенттердің мазмұндық жағына назар аудару туралы депутаттық сауалын жолдаған болатын.

Өз кезегінде Премьер-министр Асқар Мамин депутаттық сауалға ресми жауап берді. 

Премьер-министрдің жауабында Үкімет ұлттық құндылықтарды дәріптеу, осы бағытта тұтас ақпараттық сүйемелдеу жұмыстарын ұйымдастыру бойынша жұмыстарды жүргізіп келетіні айтылған. Атап айтқанда, ұлттық құндылықтар тақырыбы бойынша ақпараттық жұмыс мемлекеттік телеарналардың «Жәдігер», «Шебер», «Руханият», «Үркер», «Ұмытпаймыз» (Abai TV), «Дархан дала», «Global Art» («Хабар 24»), «Алтыбақан», «Бір туынды тарихы» («Хабар»), «Атакәсіп», «Қазақтың қолданбалы өнері», «Этимология образа» («El arna»), «Qazaqlife», «Enigma of the Great Steppe», «Welcome to Kazakhstan», «The school of nomads» («Qazaq TV»), «Күміс көмей», «Таңшолпан», «Тұлға», «Келбет», «Ғасырлар үні» (Qazaqstan) және т.б. сияқты қолданыстағы бағдарламалары шеңберінде жүргізілуде. 

Сонымен қатар мемлекеттік ақпараттық тапсырыс шеңберінде коммерциялық теле-радиоарналар эфирінде ұлттық құндылықтар тақырыбы бойынша өнімдерді орналастыру жүзеге асырылуда. Осы орайда Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мемлекеттік ақпараттық тапсырыс шеңберінде отандық телевизиялық өнімдерді оның ішінде ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған бағдарламаларды коммерциялық телеарналардың «прайм-тайм» уақытында эфирге шығаруын қамтамасыз етуде, - деді Мамин. 

Үкімет басшысы атап айтқандай, «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заңда өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, ақпараратты мемлекеттік қолдаудың қолданыстағы тетіктері жетілдірілді, оның тиімділігі мен сапасын бағалаудың жаңа талаптары белгіленді. Қазіргі уақытта министрлік «Бұқаралық коммуникация құралдары туралы» жаңа заң тұжырымдамасының жобасын әзірлеу бойынша жұмыс жүргізуде. 

Осы тұжырымдама шеңберінде ұлттық құндылықтарды заңнамалық тұрғыдан бекіту бойынша халықаралық тәжірибе зерттелуде. Нәтижесі бойынша бұл бағытты заңнамалық реттеу жөнінде нақты ұсынымдар әзірленеді. Сонымен қатар соңғы жылдары мемлекеттік тілдегі телеарналардың телекөрінісінің артқанын атап өту қажет. Мәселен, 2020 жылы «Qazaqstan», «Balapan» мемлекеттік телеарналарының рейтингі 5 позицияға жақсарды. Мемлекеттік тілдегі отандық телеарналар аудиториясының үлесі 2020 жылы 2019 жылмен салыстырғанда 11%-ға өсті (2019 жылы - 22 %). 

Өз кезегінде министрлік жыл сайын мемлекеттік тапсырмалар және мемлекеттік ақпараттық тапсырыс шеңберінде 40-тан астам сериалдық өнімді, 200-ден астам деректі фильм мен роликті шығаруды және орналастыруды қамтамасыз етіп келеді. Бұл сериялар әртүрлі жас санаттарына бағытталған және әртүрлі жанрларды қамтиды, - делінген Асқар Маминнің жауабында.

Мемлекеттік бюджетті оңтайландыру үшін 2020 жылдан бастап министрлік шетелдік телехикаяларды сатып алуды 30%-ға төмендетуді қамтамасыз етті. Оның орнына отандық продакшн-компаниялардың өнімдері мен қолданыстағы бағдарламалардың өндірісі ұлғайтылды. Сондай-ақ депутаттың сауалында көтерілген мәселелер отандық телевизияны дамыту бағытындағы жұмыстар барысында ескерілетіні айтылған.

Өзгелердің жаңалығы