Мамин бюджеттік бағдарлама әкімшілеріне тапсырма берді

14 Қазан 2019, 12:09
1777
Бөлісу:
Мамин бюджеттік бағдарлама әкімшілеріне тапсырма берді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР премьер-министрі Асқар Мамин бюджет қаржысын игере алмай отырған өңірлер мен министрліктерге жұмыс қарқынын күшейтуді тапсырды. 

«9 айдың қорытындысына сәйкес экономикалық өсімнің негізгі көрсеткіштері бойынша Атырау, ШҚО, Түркістан, Жамбыл, Павлодар облыстары әкімдіктерінің оң жұмыстарын атап өткім келеді. Артта қалған өңірлер қарқынын күшейтіп, тиісті шараларды іске асыруы қажет. Өз кезегінде кейбір әкімдіктерде бірқатар көрсеткіштер төмендеп жатыр. Маңғыстау облысында 9 ай қорытындысы бойынша құрылыс, инвестиция, өнеркәсіп, байланыс секілді бірқатар көрсеткіштер төмендеп отыр. 9 айдың нәтижесі бойынша Қызылорда облысында – өнеркәсіп, байланыс, БҚО – өнеркәсіп, СҚО-да құрылыс төмендеп жатыр. Сондықтан әкімдерге барынша қысқа мерзімде жағдайды түзетуді тапсырамыз», - деді ол Үкімет отырысында.

Премьер-министр қаржыны игермеген кейбір бюджеттік бағдарлама әкімшілері туралы да айта кетті. 

«Игерілмеген қаражаттың көбі Экология, Мәдениет және спорт, Сауда министрлігінде. Өңірлер арасында – Алматы қаласы, Алматы, Түркістан, ШҚО, Қарағанды, БҚО, Ақмола облыстары. Жыл соңына дейін екі ай ғана қалды. Әлихан Асқарұлы, бюджет қаражатын игеруді өз бақылауыңызға алыңыз», - деп тапсырды Мамин.

Өзгелердің жаңалығы