Мамин Беларусь пен Молдованың үкімет басшыларымен кездесті

30 Қаңтар 2020, 20:04
1431
Бөлісу:
Мамин Беларусь пен Молдованың үкімет басшыларымен кездесті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР премьер-министрі Асқар Мамин Еуразиялық үкіметаралық кеңестің (ЕҮАК) отырысына және "Digital Almaty" форумына қатысу үшін Алматы қаласына келген Беларусь премьер-министрі Сергей Румаспен және Молдова премьер-министрі Ион Кикумен екіжақты кездесулер өткізді, деп хабарлайды Рrimeminister.kz.

Беларусь премьер-министрі С. Румаспен кездесуде инвестициялық, индустриялық, агроөнеркәсіптік, энергетикалық, транзиттік-көліктік, әскери-техника салаларындағы, сондай-ақ интеграциялық бірлестіктер аясындағы екіжақты ынтымақтастық мәселелері қаралды. 

Бүгінде Қазақстан мен Беларусь арасындағы қарым-қатынастар екіжақты және көпжақты өзара іс-қимылдың табысты әрі тиімді үлгісін көрсетеді. Біздің елдеріміздің арасында қарқынды саяси диалог орнатылған, терең экономикалық байланыстар қалыптасқан, ынтымақтастықтың барлық салаларында өзара іс-қимыл тиімді дамып жатыр, – деді А. Мамин.
Елдер өнеркәсіптік кооперация саласындағы бірлескен жобаларды табысты жүзеге асырып жатыр. Олардың ішінде — "ҚазБелАз" БК базасында "БелАз" карьерлік техникасын құрастыру, "АгромашХолдинг" базасында комбайн және "Hyundai Trans Auto" ЖШС базасында "МАЗ" автотехникасын шығару, сондай-ақ "Алатау" лифт жасау компаниясы» базасындағы лифтілер өндірісі.

ҚР премьер-министрі өндірістік кооперацияны кеңейтуге және Қазақстан аумағында бірлескен өндірістерді жергіліктендіру деңгейін арттыруға қызығушылықтың бар екенін жеткізді.

Мамин Беларусь пен Молдованың үкімет басшыларымен кездесті

Молдова премьер-министрі И. Кикумен кездесу барысында екіжақты экономикалық ынтымақтастық пен ЕАЭО форматындағы өзара іс-қимылдың перспективалары талқыланды.

Біздің елдер арасында сенімді әрі ашық саяси диалог орнаған, сауда-экономикалық өзара іс-қимыл мен мәдени-гуманитарлық байланыстар нығая түсуде. Әр түрлі аймақтық алаңдарда біздің мемлекеттер басшыларының кездесулерінің тұрақты түрде өтуі Қазақстан – Молдова ынтымақтастығын нығайтуға өзара мүдделіліктің бар екенінің айғағы, – деді А. Мамин.
Қазақстанда молдавандық қатысуымен 70-ке жуық заңды тұлғалар, бөлімшелер мен өкілдіктер жұмыс істейді.

ҚР премьер-министрі Қазақстанның Молдовамен сауда-экономикалық, инвестициялық, агроөнеркәсіп және басқа да салалардағы ынтымақтастықты дамытуы үшін елеулі әлеуеттің бар екенін атап өтті. 

Өзгелердің жаңалығы