Мамин азық-түлік бағасын өсірмеу бойынша нақты тапсырма берді

11 Тамыз 2021, 10:26
7389
Бөлісу:
Мамин азық-түлік бағасын өсірмеу бойынша нақты тапсырма берді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Премьер-министр Асқар Мамин Үкімет отырысында айтты.

7 айдың қорытындысы бойынша жалпы ішкі өнімнің өсімі 2,7 пайызға жеделдеді.Өсудің негізгі драйвері – экономиканың нақты секторы. Өсімнің тұрақты серпіні өнеркәсіптегі, құрылыстағы, сондай-ақ ауыл шаруашылығындағы қарқынды өсім қамтамасыз етті. Өнеркәсіптегі 2,5 пайыздық өсу өңдеу өнеркәсібіндегі өндірісті 5,9 пайызға ұлғайту есебінен қамтамасыз етілді, - деді Мамин.

Үкімет басшысы өндіріс қарқынының өсуіне фармацевтика өндірісінің 38,9, машина жасаудың 22,7, оның ішінде автомобиль құрастырудың 34,7, локомотивтер мен вагондар жасаудың 37,7, мұнай өңдеудің 8, жеңіл өнеркәсіптің 5,4, азық-түлік өндірісінің 3,9 және химия өнеркәсібінің 1,9 пайызға өсуі әсер еткенін айтты.

Құрылыс саласында 11,1 және тұрғын үйді пайдалануға бердің 10,3 пайыз жоғары өсу қарқыны байқалады. Шектеу шараларының сақталып отырғанына қарамастан, 7 айдың қорытындысы бойынша сауда мен байланыстағы оң өсу есебінен қызмет көрсету саласында өсу қарқыны жақсарып, 2 пайызды құрады.Мал шаруашылығындағы орнықты өсу есебінен ауыл шаруашылығында 2,4 пайыз деңгейінде тұрақты өсу қарқыны байқалады, - деді ол.

Мамин негізгі капиталға салынатын инвестициялардың қалыпқа келу деңгейі жоғары екенін атап өтті.

Тау-кен өндірісін ескермегенде, бұл көрсеткіш 7 айда 18,3 пайызға өсті.Атап айтқанда негізгі капиталға салынатын инвестициялардың жоғары үлесі құрылыста, өңдеу өнеркәсібінде, ақпарат пен байланыста, ауыл шаруашылығында және саудада.Қаңтар-шілде айларының қорытындысы бойынша барлық негізгі 7 макрокөрсеткіш бойынша өсім - Алматы, Жамбыл, Маңғыстау облыстарында және Шымкент қаласында байқалады, - деді ол.

Сонымен қатар ол осы жылғы шілдеде инфляция жеделдегенін айтты.

Инфляцияның өсуіне азық-түлік тауарларының қымбаттауы көп әсер етті, баға 2020 жылмен салыстырғанда 11 пайызға өскен. Бағаның елеулі қымбаттауы Түркістан облысында, Нұр-Сұлтанда және Қарағанды облысында байқалды. Бұл – ең алдымен, әкімдіктер тарапынан шаралар жеткілікті қабылданбайды деген сөз. Шараларды күшейтіп, ерекше бақылауға алу қажет. Ұлттық экономика министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, осы жылғы тамыздың соңына дейін инфляцияға қарсы ден қою шаралар кешенің, соның ішінде әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасын өсірмеу бойынша жаңа шаралар кешенін қабылдап, оның іске асыруды бастауға тапсырамын, - деді ол.

Үкімет басшысы барлық өңір жоспарланған әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне қол жеткізуді және Мемлекет басшысы белгілеген міндеттерді тиімді іске асыруды қамтамасыз етуі керегін жеткізді.

Өзгелердің жаңалығы