Мамин алғашқы медициналық көмек нысандарын көбірек ашуды тапсырды

2 Сәуір 2019, 09:48
2503
Бөлісу:
Мамин алғашқы медициналық көмек нысандарын көбірек ашуды тапсырды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин Үкімет отырысында алғашқы медициналық-санитариялық көмек нысандарын көбірек ашуды тапсырды.

«Біздің алдымыздағы басты міндеттердің бірі – медициналық-санитариялық көмекті қолжетімді ету және оның сапасын жақсарту. Бұл халықтың денсаулығын жақсартып, өмір сүру ұзақтығы мен сапасын арттырады. Осы ретте саладағы негізгі мәселе – алғашқы көмек көрсететін дәрігерлер жүктемесінің өте үлкен болуы және мамандардың жетіспеуі. Қазір «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында жаңа әлеуметтік стандарттар енгізіліп, ауылдық жерлерде денсаулық сақтау ұйымдарының құрылысы бойынша өңірлік стандарттар жүйесі әзірленді. Осы міндетті іске асыру мақсатында денсаулық сақтау министрлігі және әкімдіктер келесі бағыттар бойынша жұмыстар ұйымдастыруы керек. Біріншіден, алғашқы медициналық-санитариялық көмек нысандарын ашу арқылы дәрігерлердің жүктемесін азайтуды қамтамасыз ету. Сонымен қатар, бұл нысандар қажетті медициналық құралдармен қамтамасыз етілуі керек», - деді Асқар Мамин.

Үкімет басшысы, екіншіден, жас мамандардың ауылдарда тұрақты жұмыс істеп, елді мекендерде қалуын қамтамасыз ету мақсатында әлеуметтік қолдау көрсету мәселелерін қарастыруды тапсырды.

Үшіншіден, алғашқы медициналық-санитариялық көмекті дамыту бойынша іс-шаралар жоспарын Үкімет деңгейіне көтеріп, бір айдың ішінде Премьер-министр кеңсесіне бекіту үшін енгізуді тапсырды.

Асқар Мамин Премьер-министр орынбасары Гүлшара Әбдіқалықоваға осы мәселені жеке бақылауға алуды тапсырды.
Өзгелердің жаңалығы