Мамин алдағы жылыту маусымына қатысты бірқатар тапсырма берді

18 Мамыр 2021, 09:55
1415
Бөлісу:
Мамин алдағы жылыту маусымына қатысты бірқатар тапсырма берді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Премьер-министр Асқар Мамин жылыту маусымының қорытындысы мен келесі жылыту маусымына дайындық туралы өткен Үкімет отырысында айтты.

Жалпы өткен жылыту маусымы қалыпты режимде өтті. Өңірлердің әкімдіктері алдағы жылыту маусымына сапалы дайындық жүргізуі қажет. 1 маусымға дейін тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, тұрғын үй және әлеуметтік сала объектілерін дайындау бойынша іс-шаралар жоспарларын бекітуді тапсырамын, - деді ол.

Мамин 1 қыркүйекке дейін білім беру ұйымдарының дайындығын қамтамасыз етуді тапсырды.

Солтүстік және шығыс өңірлерінің ауа райы жағдайларын ескере отырып, 1 қыркүйекке дейін – білім беру ұйымдарының, 15 қазанға дейін барлық инженерлік инфрақұрылымның, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, тұрғын үй және әлеуметтік сала объектілерінің толығымен дайын болуын қамтамасыз ету қажет, - деді ол.

Ол атағандай, тұтынушылардың коммуналдық қызметтер үшін дебиторлық берешегін төмендету және энергия өндіретін ұйымдардың отын жеткізушілердің алдындағы берешегінін өтеу бойынша шаралар қабылдау қажет.

Әсіресе, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен Қызылорда, Маңғыстау облыстарының әкімдіктері дебиторлық берешектің өсіп жатқанына назар аударсын. Индустрия министрлігі әкімдіктермен бірлесіп, халық үшін көмірдің, жылу электр орталықтары мен қазандықтар үшін отынның қажетті көлемін алдын ала қамтамасыз ету жұмысын ұйымдастырсын, - деді ол.

Мамин өңірлерде халыққа көмірді сату мәселесі бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырды.

Бәсекелестікті қорғау агенттігі әкімдіктермен бірлесіп, көмірдің бағасын ерекше бақылауға алсын және халық үшін көмір бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу үшін шаралар қабылдасын. Энергетика және индустрия министрліктері объектілердің алдағы жылыту маусымына дайындығы барысын мониторингтеуді жалғастырсын. Роман Васильевич, бақылау сізге жүтеледі, - деді Асқар Мамин.


Өзгелердің жаңалығы