Мамин 2050 жылы жаңартылатын энергия көздері қалай дамытылатынын айтты

9 Ақпан 2021, 09:58
1822
Бөлісу:
Мамин 2050 жылы жаңартылатын энергия көздері қалай дамытылатынын айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. 2050 жылы электр энергиясының жартысын балама энергетика өндіретін болады. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министр Асқар Мамин айтты.

Экология мен қоршаған ортаны жақсарту құралдарының бірі - жаңартылатын энергия көздері. Былтыр жаңартылатын энергия көздері жобаларын іске асыру бойынша елеулі жұмыс атқарылды. Яғни қуаты 583 мВт болатын 25 объект іске қосылды. Бүгінде жаңартылатын энергия көздері өндіретін энергия 3 пайыз немесе 3,24 млрд кВт сағатты құрайды. Бұл көрсеткіш 2019 жылмен салыстырғанда 74 пайызға өсті, - дейді Асқар Мамин.
Оның айтуынша, әлемдік сарапшылардың болжамы бойынша, 2025 жылға қарай жаңартылатын энергия көздері әлемдегі электр энергиясының ірі өндірушісіне айналады.

Айталық, Еуропалық одақта 2020 жылы жаңартылатын энергия көздерінің электр энергиясын өндіру дәстүрлі өндіруге қарағанда 1 пайыз артық болған. Қазақстанда «жасыл экономикаға» көшу тұжырымдамасы қабылданып, іске асырылып жатыр. Ол бойынша 2050 жылы электр энергиясының жартысын балама энергетика өндіретін болады. Жаңартылатын энергия көздерін дамытудың мұндай қарқыны - төмен көміртекті және климаттық орнықты даму жөніндегі Париж келісімі бойынша міндеттемелерді сақтауымызға және Қазақстанның «жасыл» энергетикалық даму аясында болуына мүмкіндік береді.

Сондықтан жаңартылатын энергия көздерін дамыту бойынша Энергетика министрлігі атқарып жатқан барлық іс-шараларды қолдаймыз. Біздің міндетіміз – осы саланы дамыту бойынша жүйелі жұмыс жүргізу, - дейді Үкімет басшысы.

Өзгелердің жаңалығы